Тоқаев халықаралық әйелдер күнімен құтықтады
Әйелді құрметтей білген қоғамды мәдениетті, өркениетті қоғам деуге болады – Тоқаев
Президент Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шараға қатысты. Салтанатты жиынға қатысқан әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, сөз сөйледі, деп хабарлайды Newsroom.kz
8 наурыз – көктем мерекесі. Бұл – сұлулықтың, мейірім мен жылулықтың символына айналған мереке. Біз ер-азамат болып, сіздерді жоғары бағалаймыз, құрметтейміз және жақсы көреміз. Нәзік жандарға деген біздің ықыласымыз, ілтипатымыз әрдайым ерекше. Жалпы, әйелді құрметтей білген қоғамды мәдениетті, өркениетті қоғам деуге болады. Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Қыздарын қадірлеп, төріне шығарған. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елдіктің жүгін ер-азаматтармен қатар көтеріп, адал еңбек етіп жүрген әйелдер қауымына алғыс айтты. Сондай-ақ мемлекет тарапынан оларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.