«Бос жатқан жер жау шақырады» Депутат Өзбекстаннан үлгі алуды ұсынды
Мәжіліс депутаты еліміздегі демография мәселесін көтерді
Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева еліміздегі демография мәселесін көтерді, деп хабарлайды newsroom.kz порталы El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Депутаттың сөзінше, қазір елімізде 100 гектар жерге 7 адамнан ғана келеді екен. Танашева мысал ретінде өсім деңгейі жоғары болған Өзбекстанды келтірді.
32 жыл ішінде халқымыздың өсімі небәрі 4 миллионға, ал көрші Өзбекстанда осы кезеңде халық саны 15 миллионға өсті. Халқымыздың саны аз, тығыздығы төмен. Әлем бойынша 184-орындамыз, жеріміздің 100 гектарына 7 адамнан келеді. «Бос жатқан жер жау шақырады» демекші, біз демографиялық мәселелерді қалай шешеміз? Біріншіден, халықтың табиғи өсуімен, екіншіден, көші-қонның жоғарылауымен. Табиғи өсуді қамтамасыз ету үшін алдымен отбасыларды қолдауымыз қажет, - деді ол.
Сонымен қатар ол Өзбекстандағыдай Үкімет жанындағы, Отбасы, әйелдер, балалар және демографиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитетін құру тәжірибесін қабылдауды ұсынды.
Комитет құру туралы алғашқы ұсынысты 2019 жылы жолдаған болатынмын. Бес жыл бұрын бұл ұсыныс қолдау таппады. Бұл комитеттің негізгі міндеті – мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіретін, сондай-ақ аналар мен балалардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ететін, және отбасылардың өмір сүру жағдайын жақсартуға ықпал ету, - деп ойын ортаға салды.