Аймақтар

Қостанайда ауруханаға жатудан бас тартқан зейнеткер далада үсіп өлген

Тиісті сараптамалар тағайындалды

Қостанайда ауруханадан ем алудан бас тартқан 68 жастағы зейнеткердің мәйіті көшеден табылды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Дәрігерлердің мәліметінше, 29 ақпан күні әйел жедел жәрдеммен қалалық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілген. 

"Емдеу кезінде ол жедел жәрдем дәрігеріне қаралып, талдаулар алынып, стационарлық емдеуге жатқызу ұсынылды. Бірақ науқас ауруханаға жатудан жазбаша түрде бас тартты", – делінген хабарламада.

Жедел жәрдем қызметкерлері зейнеткерге ауруханадан үйіне дейін такси шақырып берген. Алайда ол үйіне бармаған. Іздеу жұмыстарына 50-ден астам полиция қызметкері, 150-ге жуық ерікті және қала тұрғындары жұмылдырылды.

Араға уақыт салып Қостанай облысының полиция департаментіні сағат 19:30 шамасында Станционная көшесінің маңында зорлық-зомбылық белгілері жоқ зейнеткердің мәйіті табылғанын мәлімдеді. 

"Өлімнің алдын ала себебі - гипотермия. Осы факті бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды", – делінген хабарламада.