"Ең бастысы рухым сынбасын" Асқар Жұмабеков түрмеден хат жолдады
Белгілі актер оқырмандарына әсерлі жазба қалдырды
6,5 жылға сотталған Асқар Жұмабеков темір тордан оқырмандарына хат жолдады,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Инстаграм әлеуметтік желісіне жазған жазбасында актер қазір жағдайының бірқалыпты екенін айтты.
"Ойларымның бәрі ақ параққа үздіксіз төгіле бастады. Бірі - көңілден шықса, бірі - қоқыстан орнын тапты. Көңілден шыққанын кейін жазармын. Қазіргі жағдайым бірқалыпты. Қуантарлық жаңалық та болмай тұр. Бірақ үмітім үзілмеді. Бір ойым, мені бір түбі жоқ құдыққа лақтырғандай. Шегі көрінер емес, қараңғы. Енді бір ойым, мүмкін сол қараңғылықтың артында жарық атты үміт күтіп тұрған болар… Әзірге осы. Иә Аллаһым, бұл күндерді артта қалдырып, жақсы күндерді нәсіп ете гөр! Ең бастысы, бұл сынақта сабырлық серігім болып, рухым сынбасын. Мен сіздермен мақтанамын!" - деп жазған ол.
Жазбасының соңында актер Президент пен Премьер-министрді тегтеп, белгілеп қойыпты.
Айта кетейік, актер Асқар Жұмабековке караоке-барлардың бірінде болған төбелеске қатысқаны үшін Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі "бұзақылық", Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі және 107-бабы 2-бөлігі "денсаулыққа қасақана ауыр және орташа зиян келтiру" бойынша айып тағылды.