Талдықорғанда шахмат жарысы өтіпті
Жарысқа таяу шетелден бес елдің және Қазақстанның сегіз өңірінің спортшылары қатысты
Талдықорған қаласында көрнекті шахмат қайраткері және шахмат ойынын таратушы Төлеуғазы Кәріпбаевтың бірінші мемориалы мәресіне жетті,-деп хабарлайды Newsroom.kz
Жарысқа таяу шетелден бес елдің және Қазақстанның сегіз өңірінің спортшылары қатысты. Мемориал бағдарламасында классикалық шахматтан екі және блицтен екі, барлығы төрт турнир өткізілді.
«А» басты турнирінде халықаралық шебер Алмас Рахматуллаев (Өзбекстан) жеңімпаз атанды, ол мүмкін болған 11-ден 8 ұпай жинады. Тәжікстандық Мохаммад Хусенходжаев (7,5 ұпай) екінші орынға ие болды. Үшінші орынды үш шахматшы бөлісті. Қосымша көрсеткіштер бойынша қырғызстандық шебер Асылбек Абыжапар алда болды – 6,5 ұпай.
ФИДЕ шебері Ақылбай Иманғали тамаша өнер көрсетті, ол Бергер коэффициенті бойынша ғана үздік үштікке іліге алмай, төртінші орынға табан тіреді. Бұл – қазақстандықтар арасында үздік көрсеткіш.
«В» турнирінде тартысты бәсекеде Байтілеу Сырым (Алматы) жеңіске жетті – 9 ұпай. Екінші орын Павлодар облысының өкілі Ғалымбек Әлиханның еншісінде – 8,5 ұпай. Есімбаев Ерназар (Жетісу облысы) үшінші сатыда. Қазақстан шахмат федерациясы негізгілерден басқа қосымша жеті жүлде белгіледі.
Төлеуғазы Кәріпбаевтың мемориалының жабылу рәсімінде ҚШФ вице-президенті Александр Бабенко, Жетісу облысы спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Дуанаев, «Ақжол» ҚДП Жетісу облысы бойынша филиалының төрағасы Ермек Егінбаев, Жетісу облысы шахмат федерациясының президенті Саят Егенбердиев қатысушыларға арнап сөз сөйледі.
«Төлеуғазы Кәріпбаевтың бірінші мемориалының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтаймын. Турнир алғаш рет өткізілгеніне қарамастан, Қазақстан өңірлерінен ғана емес, жақын шетел елдерінен көптеген қатысушы жиналды. Бұл – біздің федерацияның Жетісу облысындағы филиалы, әкімдік пен өңірдегі барлық шахмат жұртшылығы атқарған үлкен жұмыстың нәтижесі. Мұндай оқиғалар өңірлерде шахматты өрістетуге жол ашады, онда таланттар мен жаңа жұлдыздар пайда болады. Біз өңірлердегі мұндай деңгейдегі турнирлердің тек бір рет емес, тұрақты түрде өтіп тұрғанын қалаймыз. Ұйымдастыру комитетіне үлкен алғыс айта отырып, турнирдің дәстүрлі түрде өтуіне тілектестігімізді білдіреміз», деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.