Жаңалықтар

"Жәй ғана өліп кеткім келді": Түнгі клубқа барып, жұмыстан шыққан мұғалім өз-өзіне қол салғысы келген

Жұмыстан босап қалған мұғалім өзінің ақталып шыққанын қалайды

Қызылорда облысы Жосалы кентіндегі  мұғалімдер Түркиядағы түнгі клубқа барып, жұмыстан шығып қалғаннан кейін әділдік іздеді,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы "Астарлы ақиқат" бағдарламасына сілтеме жасап.

Бұл оқиға екі мұғалімге де қатты ауыр тиіп, сағын сындырыпты.

7 жылдық жұмыс өтілі бар, екі баланың анасы Фатима Сқақова бұл оқиғадан кейін тіпті, өз-өзіне қол жұмсағысы келген.

"Дәл сол уақытта басқа жол көрмедім. Оның алдында екі күн психологқа бардым. Мендегі бар мақсат – психологқа барып, ішімдегіні айтып, менде қандай ой болғанын, менің таза екенімді, шын мәнінде осындай адам екенімді бір адамға болсын дәлелдегім келді. Содан кейін жәй ғана өліп кетемін деген ой болды. Барлық қысым, оның үстіне біздің ауылдың адамдары бір-бірінің көзін шұқып, болмаған нәрсені болдыртты. Әңгіменің бәрі менің ата-анама да жетті. Экспертиза жасап, сосын бүкіл Қазақстанға менің таза екенімді көрсетіп, сосын өлемін деген ой келді. Өзімді тастап жіберетін ой ауыр қысымнан кейін келді.", – дейді Фатима.

Алайда мұғалім бұл әрекетке бармапты. Ол өзінің атының ақталып шыққанын қалайды.

Айта кетейік, қызылордалық екі мұғалім Түркияға демалуға барып, түнгі клубқа кіргені үшін бастары дауға қалған болатын. Артынша, олардың жұмыстан босағаны белгілі болды.