“Егеуқұйрық өріп жүр”: Шымкенттегі ет қоймасы антисанитариялық жағдайда жұмыс істеп тұрған
Тәркіленген ет жойылып, қойма жабылды
Шымкентте бірнеше қоймада ірі қара мал басының заңсыз сатылып жатқаны жайлы шағымнан кейін прокуратура мен ветеринарлық бақылау қызметкерлері рейдке шықты. Бұл туралы newsroom.kz порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкент тұрғындары Аймауытов көшесіндегі қоймаларға өлген малдардың өлекселері әкелініп жатқанын айтып, мамандарға шағымданған.
Аталмыш қоймаға келген ветеринарлық бақылау қызметкерлері ішке учаскелік полиция қызметкерлерімен ғана кіре алған. Санитарлық ережелердің сақталмауы фактісі анықталды. Лас үстелде антисанитариялық жағдайда еттің сақталғаны белгілі болды. Оған қоса қоймада егеуқұйрық қаптап кеткен.
Куәгерлердің айтуынша, ет өнімдері қоғамдық тамақтандыру орындарына жіберілетін көрінеді. Сатушылар ет сататын арнайы құжат ұсына алмады.
Мамандардың айтуынша, мал сою орталықтары заңды құжаттармен жұмыс істеуге міндетті. Сонымен қатар, мұндай орындарда күн сайын тазалық және дезинфекция жүргізіліп, тіпті қабырғалар да арнайы материалдан жасалуы керек.
"Мұндағы ет міндетті түрде ветеринарлық сараптамадан өтіп, еттің құрамында жұқпалы ауру қоздырғыштары бар-жоғы, еттің қаншалықты балғын екені анықталуы керек. Бүгінге дейін мораторийге байланысты шағын бизнесті тексере алмадық. Қазір тексеріп жатырмыз. Енді осы еттен сынама алып, зертханаға жібереміз”, – деді ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қалалық инспекциясының бас маманы Нартай Айдар.
Рейд прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылды. Прокуратураның мәліметінше, бұл ет қоймасын төрт түрлі кәсіпкер басқарған. Әрқайсысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды, бұл шамамен 74 мың теңге. Тәркіленген ет жойылып, қоймалар жабылады.
"Эпизоотиялық жағдайдың алдын алу мақсатында тексеру ұйымдастырылды. Қалалық прокуратура ветеринарлық бақылау және полиция қызметкерлерімен бірлесіп Аймауытов көшесіндегі шағын кәсіпкерлікті тексерді. Қоймаждан ветеринариялық заң бұзушылықтар тіркелді. Әр кәсіпкерге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Еттің нақты қайда сатылғаны қазір нақтыланып жатыр”, – деді Шымкент қалалық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Қанат Дәрібай.