Тұрғындар жұмыссыз қалмайды
Тұрғындар жұмыссыз қалмайды
Ақтөбе облысында өңір үшін маңызды жобаларды іске асыруға 46 млрд. теңге бөлінген.
Бұл туралы Ақтөбе облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі алаңда ұйымдастырылғын «ANTIKOR.LIVE» жобасы аясындағы тікелей эфирде облыс әкімнің орынбасары Руслан Хамбаров мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетсек, аталған бюджеттік қаражаттар Мемлекет басшысының «Жұмыспен қамту– 2020» Жол картасы бағдарламасын жүзеге асыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында бөлінген.
Енді облыстағы жұмыссыз азаматтар келесі бағыттар бойынша 302 жобаның жүзеге асырылуына қатыса алады, әрине тегін емес:
- Жалпы сомасы 20,6 млрд. теңгені құрайтын жол құрылысы және жолдарды жөндеу саласындағы 135 жоба;
- 15,5 млрд. теңгені құрайтын әлеуметтік-мәдени нысандар саласындағы 104 жоба;
- 8,4 млрд. теңгені құрайтын тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы 37 жоба;
- 1,8 млрд.теңгені құрайтын елді мекендерді абаттандыру саласында 26 жоба.
Азаматтарымыздан талап етілетін жалғыз-ақ нәрсе - Ақтөбе қаласында және барлық аудан орталықтарында қызмет етіп жатқан жұмыспен қамту орталықтарына жүгіну ғана.
Бүгінгі күннің өзінде облысымызда нақты 4 мың адам жұмысқа орналастырылған. Ал мемлекеттік бағдарлама аясындағы жалақы 85 мың теңгеден кем емес.
Жергілікті атқарушы органдар аталған жобаларды жүзеге нәтижесінде мултипликативтік жағымды әсер күтуде: ұзындығы 400 км-ді құрайтын жолдар жөнделеді, облыстағы жөндеуді қажет етіп отырған мектептердің 55%-ы жөндеуден өткізіледі, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасының жабдықталу деңгейі 90%-ға өседі және тұрғындардың жалпы саны 3,5 мың адамды құрайтын облыстың 7 ауылы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Өз кезегінде облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Мирлан Мұхамбетов мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың ашықтығы мен жариялылығын, бюджет қаражатын жұмсау процестерінің есептілігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
«Жұмыссыздық статистикасының бұрмалануына, тұрақты және әлеуметтік жұмыс орындарына азаматтарымыздың формальды түрде орналасуына жол бермей, нақты ақпаратпен қамтамасыз еуге бақылау жүргізгеніміз абзал» - деді, Мирлан Мұхамбетов.
Бұған дейін, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткізілген кеңесте белсенді қоғам өкілдерінен тұратын «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен өңірлік арнайы мониторингтік топ мүшелерін мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын бақылау жөніндегі жұмыс тобына енгізу арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен облыс әкімдігінің тиісті құрылымдық бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды күшейту туралы шешім қабылданған болатын.
Алдағы уақытта «Жұмыспен қамту – 2020» Жол картасы мемлекеттік бағдарламасы аясындағы бюджет қаражатын іске асыру, оларды жұмсау қоғамдық бақылауда болмақ.