Жаңа премьер агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына көңіл бөліпті
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған,- деп хабарлайды Newsroom.kz
Сапар барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту туралы баяндама тыңдады.
«World Green Company» ЖШС көкөніс өсіретін жылыжай кешеніне барған Үкімет басшысы ондағы технологиялық үдеріспен танысып, дайын өнімдерді қарап шықты.
Жылыжай аумағында көкөніс өсіруге барлық қажетті жағдай жасалған: суару, желдету, көлеңкелеу, ылғалдандыру, салқындату, жылыту және басқа да жүйелер жұмыс істейді, бір жылда мұнда 6 мың тоннадан астам қияр мен қызанақ өндіріледі.
«Біздің жылыжайымыз – голландиялық төртінші буын технологиясымен салынған және барлық заманауи элементтерді қамтитын жоғары технологиялық жоба. Қазіргі таңда 190 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз, олардың барлығы облысымыздың тұрғындары. Өнімдер жергілікті нарыққа шығарылады, сонымен қатар Қазақстанның көршілес облыстары мен Ресейдің жақын аймақтарында сұранысқа ие», — деді кәсіпорын басшысы Мұрат Ибрагимов.
Өнеркәсіптік жылыжайлардың жалпы ауданы бүгінде 223,1 га құрайды, инвестициялық субсидиялау қағидалары шеңберінде жылыжай бизнесін ынталандыру үшін шығыстарды өтеу 25%-дан 30%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары, егіндік суы, қияр және қызанақ тұқымдары құнының 50%-ы субсидияланады.
Премьер-Министр ішкі нарықты отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуды қолдайды. Биыл АӨК қолдау шаралары аясында 430 млрд теңге қарастырылды. Алайда, Президенттің тапсырмасы бойынша біз бұл соманы екі есеге арттырамыз. Сондықтан бізде ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту перспективасы жоғары, енді белсенді жұмыс істеу қажет. Мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетіледі», — деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ мұнда Үкімет басшысына инвестиция көлемі шамамен $2,4 млрд құрайтын, қуаттылығы 6 млн тонна калий тыңайтқыштарын өндіретін Қазақстандағы тұңғыш тау-кен байыту кешенін салу жобасы таныстырылды. Бүгінгі таңда елімізде мұндай тыңайтқыштарға орташа қажеттілік жылына 18 мың тоннаны құрайды. Зауыт 2035 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылады. «Qazaq Kalium Ltd.» құрылтайшысы Нұрлан Артықбаевтың айтуынша, кәсіпорын ашылғаннан кейін Қазақстан әлемдік нарықтағы өндіріс үлесінің 14%-ын қамти отырып, калий тыңайтқыштарын әлемдік өндірушілердің үздік ТОП-5-не кіреді. Жоба аясында 4 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.
Сонымен қатар, биыл сыйымдылығы 17,4 мың бас болатын тағы 7 мал бордақылау алаңын іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 1,9 мың мал басына арналған 4 ірі сүт фермасының құрылысы басталды. Нәтижесінде облыста сүт өндірісі 41,2 мың тоннаға жетеді.
Бүгінгі таңда жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету негізгі азық-түлік тауарларының 24 атауы бойынша жүзеге асырылады.