Жаңалықтар

Алматы блок-бекетіндегі апат: Қаза болған полицейлердің жанұясына пәтер беріледі

Алматы блок-бекетіндегі апат: Қаза болған полицейлердің жанұясына пәтер беріледі

Оңтүстік астана әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн-брифинг барысында блок-бекеттігі жан түршігерлік жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмған тәртіп сақшыларының отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтып берді, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі KAZ.NUR.KZ. ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Полицейлердің отбасыларына пәтерлер беріліп, қаржылай қолдау көрсетіледі. "Біз тиісті жұмысты атқардық. Қазір кәсіпкерлердің қолдауымен қайтыс болған полиция қызметкерлерінің отбасына екі пәтер бөлініп жатыр. Сондай-ақ, туған-туыстар айтқан мәселелер бойынша тағы қосымша қаржылай көмек көрсетіледі", – деді Сағынтаев онлайн брифингте.  Еске сала кетейік, екі полиция қызметкерінің өмірін жалмаған жол апаты 25 мамырда таңғы сағат 5.30-да Көксай ауылындағы блок-бекетте болған. BMW көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған ер адам әуелі бетон қоршауға соғылып, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан. Көлік ішінде қос бірдей полиция қызметкері отырған. Алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болса, оның әріптесі полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде есін жимастан көз жұмған. Құзырлы орган жол апатына кінәлі азаматтың бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткенін растады. Департамент күдіктінің осыған дейін өз қызметіне салғырт қарағаны үшін жұмыстан қуылғанын мәлімдеді.