Қылмыс

Кәріз қалдығы бар көлден тонналап балық аулап, әр өңірде сатқандар ұсталды

Қылмыстық топтың бірнеше мүшесі қамауға алынды

Алматы облысында Сорбұлақтың балығын саудалағандар құрықталды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы КТК-ға сілтеме жассп.

Браконьерлер Алматының кәріз қалдығы жиналатын жасанды көлдегі өнімді тонналап аулап, елдің әр өңіріне жөнелтіп келген.

Құрамында 11 мүшесі бар қылмыстық топ арнайы жасақ күшімен ұсталды. Олардан тіркелмеген қару-жарақ, оқ-дәрілер және балық аулауға арналған заңсыз құрылғылар тәркіленді.

Браконьерлерді ұстаған кезде ауланған балықтың көлемі 3 тоннадан асқан. Мұның өзі 17 миллион теңгеге бағаланды. Бұған дейін лас көлден ауланған қанша тонна балықтың базарға кеткені белгісіз. Оны енді тергеу анықтайды.

Әзірге анығы, балық елдің түкпір-түкпіріне жіберілген. Қылмыстық топтың бірнеше мүшесі қамауға алынды. Алматының кір-қоңын жоғарыдан төмен қарай шайып өтетін ағын су Сорбұлаққа жиналады. Санитарлық аумаққа кіретін көлдегі балықты пайдалану адам денсаулығына зиян.