Жаңалықтар

Кеме қалған қазығұрттықтар көкпардан чемпион болыпты

Қызылқия ауыл округінде командалық көкпардан облыстық чемпионат өтті

Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен, Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы және облыстық Көкпар федерациясының ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауыл округінде командалық көкпардан облыстық чемпионат өтті,-деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Түркістан облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Чемпионаттың финалдық бәсекесіне облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, ұлттық спорт ұландарына құрмет көрсетті. 

Финалда Қазығұрт пен Жетісай ауданының көкпаршылары кездесті. Қос мықты команданың текетіресінде 7-2 есебімен Қазығұрт ауданының көкпаршылары жеңіске жетті. Қазығұрт командасы сапында ағайынды Асланбек, Әзірет Сайдуллалар жоғары деңгейде ойын өрнегінін көрсетті. Ерсайын Әлібек, Бәйдібек Сабыровтар да жасындай жарқылдады. Осылайша, Қазығұрт  тауының етегінде өскен білекті де, жүректі жігіттер жеңімпаз атанды. Үшінші орын үшін болған бәсекеде Отырар көкпаршылары төлебилік команданы 5:4 есебімен жеңді. 

Айтулы көкпар чемпионатына Түркістан облысының аудан-қалаларынан 15 команда қатысты. Екі күнге созылған ат спорты сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубок, диплом және бағалы сыйлықтарн тапсырылды. Оларды Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов және көкпар спортының ардагерлері марапаттады. 

Бұл чемпионатта көзге түскен жігіттер мен сәйгүліктер облыстың құрама командасына іріктеліп алынып, алдағы уақытта Қызылорда қаласында өтетін ел біріншілігіне қатысады. Ал республикалық деңгейде үздік атанғандары халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғайды.

Айта кетейік, ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Өңірдің сайыпқырандары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, жүлде алады деп күтіліп отыр.