«Алматы» телеарнасының «Шешімі бар» бағдарламасы арқылы төртінші отбасы баспаналы болды, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Almaty.tv. арнасына сілтеме жасап.
Санжар Бегімбетов – 10-сынып оқушысы. Ол Алматы қаласы Наурызбай ауданында анасымен бірге аядай ғана тар бөлмелі пәтерді жалдап тұрады. Осыдан 5 жыл бұрын жанарынан айырылған анасы жұмыссыз үйде отыр. Анасының денсаулығына байланысты күнкөрісі нашарлап кеткен соң, Санжардың ерте жастан еңбекке араласуына тура келеді.

«12 жасымнан жұмыс істей бастадым. Бастапқыда базарға шығып нан сатып жүрдім. Бар тапқан ақшамды анама әкеліп беремін. Өйткені, пәтерақы, коммуналдық төлемдер, күнделікті азық-түлік сияқты шығындардың бәрін төлеу үшін ақша керек болды», - дейді Санжар.
Санжар анасының көзі қалпына келсе деп армандайды. Емдетуге қаражаты жетпейді. Дәрілері де қымбат. Қазір ол үйінің жанындағы көлік жуу бекетінде жұмыс істейді. Күнделікті сабағы аяқталған соң осында келіп, 2-3 мың теңге табады. Бар тапқанын жинап, анасы екеуі қажетті шығындарына жеткізуге тырысады.

