Жаңалықтар

Сұмдық! Қазпоштаға сенген қазақ баспасөзі құлдырауда ма?

Газет-журнал басшыларының жанайқайы

Қоғамда ел өміріне тікелей қатысты, сол себепті жиі сынға ұшырайтын мекеменің бірі – «Қазпошта». Уақытында жетпейтін тауарлар, ұзын-сонар кезек, пошташылардың айлығы, оған қоса саладағы жемқорлық... Жұртшылық өкпесінің қара қазандай болуының тағы бір себебі – газет-журналдар мәселесі. Халық газет-журналдарға жазылса да, онысы уақытында жетпей, бұл мәселеден журналшылар да әбден зәрезап болған. Газетшілер мен журналшылар не себепті «Қазпошта» басылымдардың тамырына балта шауып отыр деп дабыл қағады, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы  Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Бәрін асықпай баян етейік.

«Жыл басталды, «газет жетпейді» деген жыр басталды»

Бізде айдың-күннің аманында кез келген басшыны «Алты Алашқа сыйғызбай» мақтай кететін жазғыштар әлеуметтік желіде баршылық. Солардың бір тұрақты тобы жақында «Қазпошта» басшысы Әсел Жанасованы мақтап, бірінен кейін бірі мақтау-пост жаза кеткен.

Басшының шетелде оқығанын, «Қазпошта» қызметі керемет екенін күпірте жазады ғой әлгілер әдеттегідей. Бірақ өзге жұрт секілді «Қазпошта» қызметіне көңілі толмайтындар да әлеуметтік желіде отырады. Мақтау-постқа мырс етіп алдымен ашулы мысқылмен күлген газет-журналшылар болса керек. Солардың бірі Қарагөз Сімәділ «жыл басталды, «газет жетпеді әлі» деген жыр да басталғанын жазады. Бір оқырманы редакциясына хат жолдапты. «Қазпошта» бәрімізді шаршатты-ау» деп қапаланады Қарагөз Сімәділ.

«Мысалы, мен жаздырып алып оқитын «Ана тілі» газеті баспадан шыққан соң, бұл ауыл поштасына 4-5 күннен кейін ғана жетеді, тіпті кейде бұл газет ауыл поштасына келмей де қалады. Бұл жағдайды пошта қызметкерлерінің жауапкершіліктерінің жеткіліксіздігінен бе екен деп те ойлаймын. Бірақ осы «Қазпоштаның» басқа да мәселелері бар сияқты. Ол – пошта қызметкерлерінің жалақысының тым аз екенінде болса керек», – деп жазған оқырман.

Бұл сөзге Ақбота Мұсабекқызы да қосылып, қараша айында университетте 4 жыл оқытқан ұстаздарына 10 дана «Ана тілі» газетін жаздырғанын мәлім етеді. Газет қаңтар айынан бастап жетуі керек болған. Төрт нөмір шықса да, кафедрадағы 10 ұстаздың бірі де газетті алмаған, көрмеген.

«Жаңа жылдан бері бірде-бір газетімізді ала алмаған оқырмандар бар»

Qaz365.kz тілшісі осы мәселенің мәнісін тереңірек түсіну үшін газет-журналдардың өкілдерімен, басшыларымен сөйлесіп көрді. Олар да алдыңғы әріптестерін қостайды. Мәселен, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова сөзін «Қазпоштамен» проблема бізде баршылық» деп бастады.

«Бізде поштамен жұмысқа жауапты Нұрлыхан деген жігіт бар. Сол жігіт жазылған газеті жетпей қалған оқырманның шағымын жинап, «Қазпоштаның» Болатбек деген өкіліне жолдады. Нұрлыханға қаншама адам шағымданып жазады. Мәселе мынада: оқырмандарымызға газет уақытында жетпейді, пошташылар апарып бермейді, «жоғалтып алдық» деген сылтау айтады. «Мекенжайы нақты көрсетілмеген» деп, кітапханаға газет-журналдарды апарып тастаған жағдайлар бар. «Қазпоштамен» ылғи «қырыламыз» ұрсысып», – дейді ол.

Жадыра Нармаханованың айтуынша, өткенде осы мәселе бойынша жиналыс өткізілген кезде «Қазпошта» газет-журналды дұрыс таратуы үшін министрлік тарапы субсидия сұрапты деп естігенін айтады. «Айтып, қақсап келе жатқанымызға қаншама жылдың жүзі болды» деп кейиді ол. Мәселе бәрібір шешілмеген. Министр ауысқан сайын проблема айтылады.

«Газет-журналға жазылған адамға онысы уақытында келмесе, оқырман келесі жолы жазылмай қояды. Ешкім жазылмайды. Айта-айта соны шаршадық. Газетіміздің жаңа жылдан бері бірнеше нөмірі шығып қойды. Соның бірде-бірін алмаған оқырмандарымыз бар», – дейді ол.

«Қазпошта» бөлімдерінде жазылу каталогы жоқ»

Газет-журналдарға «Қазпошта» бөліміне барсаң, газет-журналдарға жазылатын каталогы жоқ. Жадыра Нармаханова көтерген тағы бір мәселе – осы. Жадыраның өзі жұмысына жақын орналасқан «Қазпошта» бөліміне барып, бір жігіттің газетке жазылғысы келгенін көрген. Алайда өзінің көзінше әлгі жігітті пошташылар «бізде каталог жоқ» деп қайтарып жіберген екен. Әлгі жігіт индексті білмеген. Оған пошташылар бас кеңсеге барыңыз деп кеңес берген.

«Пошташылардың келушілерді «қазір жазылатын уақыт емес» деп қайтара салатын кезі немесе келушілердің оларды сағаттап күтетін шақтары аз емес. Өзім 50 адамды «Каспи банк» арқылы жаздыртам. Қай оқырман «газетке жазылам» деп үш сағат күтіп отырғысы келеді?

Театрға барсаңыз, мәселен билетті онлайн аласыз ғой. Сол сияқты оқырмандар да жазылғаннан кейін газет-журналы уақытында келіп тұруы керек. Сол кезде проблема болмайды», – дейді ол.

Былтыр бір ақсақал «Қазпошта» бөліміне газетке жазылуға барып, көп уақыт күтіп, ақыры сол жерден айғайлап шыққан дейді Жадыра. Ақсақал «менің келгеніме үш жарым сағат болды, не деген бітпейтін кезек» деп наразы болған екен. Газет оқырманынан осылай айырылады. Жадыра сол атаны көріп, жүрегі ауырып шыққанын айтады.

«Пошташыларға, естуімше, бір газетті оқырманға жеткізу үшін 15 теңге төлейді екен. Жиналыстардың бірінде естідім. 15 теңге деген ақша ма? Пошташыларды ынталандыра ма сол тиын?» – дейді ол.

«Сервис өте нашар»

Жадыраның сөзін әріптесі Нұрлыхан да растайды. Ол кісімен сөйлескенімізде, «Қазпоштада», біріншіден, сервис өте нашар екенін айтады. Себебі қызметкерлері дұрыс ақпарат бере алмайды. Алматының бірнеше филиалында болып, Нұрлыхан соған көз жеткізген. Екіншіден, басылымға жазылам дейтіндердің өзінен индекс сұрап отырады. Ол өз журналдарында болуы керек. Жеткізуде үлкен проблема бар. Газетшілерге түбіртек берген кезде онда бәрі дұрыс жазылып тұрады. Бірақ жеткізу өте кешеуілдейді, тіпті кейбір мекенжайларға мүлде бармайды.

«Біздің кейбір оқырманға жетуі тиіс газет сол ауылдағы басқа үйлерге барған. Сол ауылдағы кітапханаға немесе мектепке қалдырады. Проблема «Қазпоштаның» өзінде», – дейді ол.

«Барсаң, сылтау көп. 80 журнал жоғалып кетті»

«Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлымен де сөйлестік. Ол былтыр Жамбыл облысында 80 журнал жоғалып кеткенін айтады. Тағы бір рет қаншама журналы жоғалған.

«Біз журнал өндірушіміз. Ал тарату пошта мен жауапты агенттіктерге байланысты. Олар бірақ журналдардың қайда қалғанын білмейді. Оқырмандардың алдында ыңғайсыз жағдайда қаламыз. Редакциядан қалған журналдар болса жіберіңізші деп өтінеді. Өз ақшама екі рет редакциядағы запас журналдарды жібердім. Пошташы ары қарай тапсырды. Бірақ сол журнал сол күйі жоғалып кетті. Оны кім, қалай жоғалтты – оны олар атқармады. Сонымен қалды», – дейді ол.

Дәулетбек Байтұрсынұлы сол сияқты журналдардың он шақтысы, бесеуі жетпей қалу жағдайлары да болып жатқанын атап өтеді. Жазылушы жеке кісілер хабарласып, «жазылып едік, үйімізге жеткізіп бермейді» деп шағымданады. Айтуынша, бұл  «Қазпоштаның» жергілікті қызметкерлері өте нашар жұмыс істейтінін білдіреді.

«Алдына келген клиентке жағдай жасаудың орнына құтылғанша асығады»

«Мен соны байқап жүрмін. Ел ақшасын беріп, «жазылуға уақытымыз жоқ, жаздырып қойыңыздаршы» деп тапсырады. Алматының өзінде «Қазпоштаға» бардым. Бірақ 30-40 журнал жазуға бір сағат уақытым кетті. Себебі барсаң, сылтау көп: бірде база істемей қалады, екіншіде адам жетпейді дейді. Поштаға барса, оқырмандарға дұрыс қызмет көрсетілмейді, индекс немесе каталог көрсетілмейді. Жалпы алдына келген клиентке жағдай жасаудың орнына құтылғанша асығады. «Қазпошта» жалпы баспасөзге жазылуға үлкен кедергі жасап жатыр. Өйткені біздің журнал ғана емес, қаншама басылымға халық «Қазпошта» арқылы жазылады ғой», – дейді ол.

Бірде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев келіп, балалар басылымының редакторларымен жиналыс ашқан екен. Сол жиналыста да журналшылар өз мұң-мұқтажын айтқан. Дәулетбек Байтұрсынұлы да сол жерде  пошта қызметкерлерінің қазақ баспасөзінің таралуына кедергі болып жатқаны айтылғанын еске алады.

«Қазпошта» қазақ баспасөзіне кедергі келтіріп жатыр»

«Біздің оқырманның бәрі мектептерде. Мектептердің есігі бізге жабық. Осы министрдің алдындағы бір министр «баспасөзге жазылуға мәжбүрлеуге болмайды» деген. Оның біздің мектеп директорлары мен мұғалімдері «жазылуға болмайды» деп түсініп алған ғой. Егер оқушыларды шектесе, балалар басылымы жабылады. Басқа еш мүмкіндік жоқ.

Біздің мәселе – «Қазпоштаның» құтыла алмай отырған мәселесі секілді. «Қазпоштаның» көбі қазір тасымалмен, шетелге зат жіберу немесе қабылдаумен айналысып кетті. Шетелге зат кетіп жатады, келіп жатады. Сауда «Қазпошта» арқылы айналып жатыр. Оларға сондай пайдалы жұмыстар тиімді болып тұр да, газет-журналдың жазылуы, қазақ баспасөзін қолдау шет қалды. Ақыры, қазақ баспасөзіне жазылу құлдырап барады. Қазақстанның поштасы қазақ баспасөзіне оң көзімен қарап тұрған жоқ – кедергі келтіріп жатыр. Жалпы құлдыраудың бір ұшы «Қазпоштада». Одан кейін бәлкім, адамдардың немқұрайлылығын айтуға болатын шығар. «Қазпошта» жұмысы қиындап кетті», – дейді Дәулетбек Байтұрсынұлы.

«Қазпоштаның» уәжі

Qaz365.kz тілшісі осы ретте «Қазпоштаның» ресми өкіліне хабарласып, жоғарыда аталған азаматтардың мәселесін алдына кесе-көлденең тартқан. Нақты шағымдар бойынша «Қазпошта» газеттер оқырманға жеткізілгенін, туындаған мәселеге байланысты кешірім сұрайтынын хабарлаған.

«Оқырманға газет-журналдың уақытында жетпеуінің себебі неде?» деп сұрағанбыз. Бұл сұраққа «Қазпоштаның» өкілі компания қала және ауылды жерлерде 1300-ден астам түрлі газет-журнал тарататынын хабарлайды. Алайда цифрлы заманда газет-журналдарды жеткізу құны тіптен қымбаттай түсетінін алға тартады.

«Қазпошта» қызметкерлері газет-журналдарды жеткізу кезінде домофондарды орнату салдарынан кіреберістер мен үй маңындағы аумақтарға кіре алмайды, аталған жерлерде пошта жәшіктерінің болмауы да қиындық туғызады. Газет-журналдарды жеткізу қызметі тиімсіз, ол баспа басылымдарын тасымалдау, жеткізу шығындарын жаппайды. Қоғамның отандық мерзімді басылымдарды таратуға тарифтері 2017 жылдан бастап көтерілген жоқ, себебі тарифтердің өсуі оқырмандар үшін газет-журналдар құнының өсуіне алып келеді. Бұл өз кезегiнде тарифтердiң қолданыстағы деңгейiнде де терiс динамикадағы отандық баспасөз басылымдарының таралымын төмендетеді», – дейді жауапта «Қазпоштаның» баспасөз қызметі.

Ол сонымен бірге БАҚ иелері жыл сайын газет-журналдардың баспа бағасын көтеріп келе жатқанын да атап өтеді. Газет-журнал басылымдары баспадан шыққан бойда жеткізіледі, дегенмен де олардың уақытынан кешіктіріліп шығатыны да болады дейді ол. Газет-журналдарды шалғай ауылдарға тасымалдау ауа-райына, автожолдардың жай-күйіне қарай күрделене түседі, бұл кешіктіріп жеткізуге себеп болуы мүмкін. «Қазпошта» арыздарды рost.kz сайты немесе 1499 нөмірі арқылы қабылдайды.

Неліктен кей ауылда пошта қызметі мүлдем жұмыс істемейді?

Бұл сұраққа жауабында заңға сүйенген пошташылар халықтың жалпы саны кемінде 2 мың адам ауылдық округтің барлық ауылдық елді мекендерінде бір стационарлық пошта байланысы бөлімшесі болуға тиіс екенін еске салады. Қазір елде 1985 ауылдық пошта байланысы бөлімшесі жұмыс істейді. Сондай-ақ стационарлық пошта байланысы бөлімшесі жоқ кейбір ауылдық елді мекендерге 103 бірлік көлемінде жылжымалы пошта байланысы бөлімшелері қызмет көрсетеді.

«Кейбір ауылдарда пошта жұмысына байланысты уақытша қиындықтар туындауы мүмкін, бірақ «Қазпошта» әрбір елді мекенде пошта қызметтерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды. Біз ауылдық жерлердегі тұтынушыларымыз үшін ықтимал қолайсыздықтарды азайту үшін инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үздіксіз жұмыс істейміз», – дейді «Қазпошта» өкілі.

«Каталог қайда?»

«Қазпошта» филиалдарында каталог жоқ па? «Қазпошта» қазақ баспасөзінің жазылуына үлкен кедергі келтіріп отыр дегенге қандай уәж айтасыздар?

«Қазпошта» бұл сұраққа пайдаланушыларға ыңғайлы болу мақсатында каталогтың 14 000-нан астам данасын шығарғанын хабарлайды. 2023 жылы баспа басылымдарына каталог орналастырылған post.kz сайты мен мобильді қосымшасы арқылы газет-журналдарға онлайн жазылу қызметі іске қосылғанын жеткізеді.

«Енді оқырмандарда өздерінің компьютерлері немесе смартфондары арқылы әртүрлі басылымдарға жазылуды таңдауға және рәсімдеуге мүмкіндігі бар», – делінген жауапта.

«Субсидия шығынды толық өтемейді»

Газет-журналды жеткізу үшін министрлік (Мәдениет және ақпарат) субсидия бөлді ме деген сұраққа байланыс операторларының шығындары субсидиялауға жататынын айтады. Алайда «Қазпошта» 2023 жылы шығындарды өтеуге субсидия алғанын, алайда субсидия сомасы ауылдық жерлерде жазылу бойынша мерзімді басылымдарды таратуға қоғамның нақты шығындарын өтемейтінін атап өтеді.

«Қазпошта» электрондық сауданы (е-commerce) дамытуға байланысты жаңа өнімдерді жылжыту мақсатында қоғамның халықаралық пошта және транзиттік жөнелтімдерді жеткізу, сондай-ақ логистикалық процестерді жеңілдету үшін құжаттардың толық пакетін ресімдеуді және кеден өкілін сүйемелдеуді қамтитын көліктік-логистикалық қызметтердің толық спектрін көрсету және электрондық сауданы кедендік ресімдеу арқылы тауарларды жеткізу бөлігінде қызметтердің барлық спектрін ұсынуға мүмкіндігі бар. Бұл – басым бағыттардың бірі делінген жауапта.

Осылайша, газет-журналдарды тарату тиімсіз екенін «Қазпоштаның» өзі де мойындап отыр. Сонда классикалық дәстүрлі БАҚ осы уәж үшін таз қалпында қала бере ме? Жүздеген ұжымға төніп тұрған осы күрмеуі қиын мәселені кім реттейді?