Алматыда жоғары оқу орны "пәк" қыздардың тізімін жариялапты
Министр кінәлілер жазаланатынын айтты
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жеке деректерді, оның ішінде медициналық сипаттағы деректі тарату заң бұзушылық екенін атап өтті,-деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
“Бұл мәселе бақылауға алынды, себебі бұзушылық айқын көрініп тұр. Айыптылар заңнамаға сәйкес жазаланады. Дербес деректерді қорғау туралы заң бар. Бұл жерде әкімшілік құқық бұзушылық болатын шығар”, – деді Нұрбек.
“Бұл ақпарат не үшін қажет болды?” деген сұраққа министр “жеке деректерге салғырт қарау салдарынан болған шығар” деп жауап берді.
“Бұл мәселені заң жүзінде қатаң реттеу керек. Жалпы бұл – мәдениет мәселесі. Біз қаншама жеке куәлікті таратып жүрміз. Жоғарғы оқу орнында осындай жағдай болғаны, әрине, көңіл көншітпейді. Жеке дерек өте құпия ақпарат екені туралы заң жүзінде қатаң бақылау болмаса, мәдениет өзгермейді”, – деп түсіндірді министр.
Бұған дейін WhatsApp мессенджеріндегі 190 адам бар топқа жоғарғы оқу орнында оқитын студент қыздардың тізімі көрсетілген төрт құжат жіберілгені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған еді. Онда флюорографиядан өтуі керек студенттер белгіленген. Кестеде қыздардың ЖСН, телефоны және гинекологиялық сипаттағы деректері көрсетілген.
Сонымен қатар кім "пәк" екені туралы да ақпарат жүр. Құжаттар түрлі топтарға, факультетке тарап кеткені белгілі.
Былтыр қыркүйек айында министр Саясат Нұрбек ҰБТ тапсыруға арналған уақыт жарты сағат қысқаратынын айтқан еді. Алайда министрлік ұлттық бірыңғай тестілеуге ешқандай өзгеріс енгізілмейтінін мәлімдеді.