Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Бетесдада бар бір өкілдік: ұлттық компаниялардың шетелдегі өкілдіктері жайлы не білеміз?

«Қазатомөнеркәсіптің» АҚШ-ның Бетесда қаласында өкілдігі бар екенін білдіңіз бе?

Бетесдада бар бір өкілдік: ұлттық компаниялардың шетелдегі өкілдіктері жайлы не білеміз?
Фото: Visitmontgomery.com

Жуырда newsroom.kz порталының тілшісі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК ресми веб-сайтын оқи отырып, АҚШ-ның Бетесда қаласында өкілдігі бар екендігін білген еді.
 
Осыған байланысты портал редакциясы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында, халық пен БАҚ өкілдері өз сауалдарын қоюға мүмкіндік алған e-otinish.kz қосымшасы арқылы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына сұрау салды.
 
«Өкілдік қай жылы ашылды?» – деген сауалымызға, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Бетесда қаласындағы (АҚШ) өкілдігі 2013 жылы ашылған, және ол компанияның шетелдегі жалғыз өкілдігі болып табылады;
 
«Қазіргі уақытта әлемдік уран өндірісінде өзіндік орнын алып отырған Ұлттық компанияның АҚШ секілді елде өкілі лауазымын кім атқаруда?» - деп қойған екінші сауалымызға, «2023 жылдың желтоқсан айынан бастап «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Бетесда қаласындағы өкілдігінің директоры қызметін Алмас Майлыбаев атқарып келеді. Өкілдік директоры А. Майлыбаев бұл лауазымға тағайындалғанға дейін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниялар тобында 2012 жылдан бері әртүрлі басшылық қызметтерде жұмыс істеген»;
 
«АҚШ секілді елден өкілдік ашқанда неге Бетесда қаласына таңдау жасалды?» - деген келесі сұраққа, «әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші ретінде «Қазатомөнеркәсіп» үшін табиғи уранды әлемдік нарықта сату – компания қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі. АҚШ-тың үлесіне әлемдегі ең көп атом электр станциялары тиесілі екенін ескере отырып, «Қазатомөнеркәсіп» барлық негізгі клиенттері – атом электр станцияларының операторларымен, сондай-ақ АҚШ-тың атом энергетикасы саласындағы мемлекеттік органдары және салалық қауымдастығымен – Вашингтон қаласының өзінде және оның округінде (Колумбия округі) орналасқан Nuclear Energy Institute-мен тікелей тұрақты байланыс орнату және қолдау мақсатында осы елде өз өкілдігін ашты» - делінген толыққанды жауап алдық.
 
«Әлемнің өзге елдерінде қазіргі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК неше өкілдігі бар?«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК жыл сайын шетелдегі өз өкілдіктеріне неше қаржы жұмсайды? – деген сұрағымызға компания тарапы «өкілдік өз қызметін бекітілген бюджет шеңберінде жүзеге асырады. Өкілдіктің қызметіне байланысты егжей-тегжейлі шығыстар туралы ақпарат құпия болғандықтан жария етуге жатпайды», - деп жауап берді.
 
Біздің редакция алдағы уақыттарда квазигоссектор мәселесін де назарға алып, өз оқырмандарына бұл бағыттағы бірегей ақпараттарды ұсынады. Оқырман тарапынан жаңалық пен сұраухатқа ұсыныс болса, info@newsroom.kz поштасына жазуды сұраймыз.