Жаңалықтар

“Аяқ-қолымның тырнағын алыңдар” Анасы өз өлімін сезген бе?

Өмір атты сапардың қашан аяқталарын сезу мүмкін бе?

Адам өмірі ерекше сыр мен жұмбаққа толы.  Бес күн жалған өмірдің қашан үзілерін адам баласы білген емес. Десек те, кейбір оқиғалардан марқұмдардың өз өлімін алдын ала сезгенін естіп жатамыз.

Dulat Tastekey ютуб арнасының “Ұлттық тәрбие” туралы подкастында Санжар Керімбай өз өлімін сезетіндер туралы айтқанын бұған дейін хабарлаған едік.

Тағы бірсыпыра пікір білдірушілер де бұл оймен келісіп, өз оқиғаларын айтып берді,- деп хабарлайды newsroom.kz.

Солардың бірі өз анасының дәм-тұзы таусылған шағын сезгенін айтты.

“Иә, ол рас. Менің анамның қазан айында 85 жасын тойлаймыз деп жүргенбіз. Түскі асқа ауылдағы әпкелерім тойды ақылдасуға келген. Анам еш ауырмаған. Аяқ астынан қыздарына “менің аяқ-қолымның тырнағын алыңдар” депті. Тамақ ішіп болып, алайық десе, “жоқ күн бесінге ауып кетеді, қазір алыңдар”, деп алғызып, дәретін алып, құлағындағы сырғасын шешкізіп, “ай, сол тойларың болмайды-ау” деген екен. Түскі астан кейін, қыздарына “кетпеңдер, бүгін осында қоныңдар”, депті. Түскі асын ішіп, Аллаға шүкіршілігін айтып, бала-шағасына бата беріп, қайран анам екі рет терең дем алып, кете барды. Анам бес уақыт намазын үзбеген, үнемі намазда “Алла бала-шағамның алдында, ешкімді әбіржітпей, өзімді қинамай, біреу біліп, біреу білмей қалатындай өлім бер. Алла мен саған разымын” деп отыратын. Алла анамның ақ тілегін қабыл етті. Жаны Жәннатта болсын”,- деп жазды желі қолданушысы.