Мұғалім оқушыға дәптерін ұмытып кеткені үшін қол көтеріпті
Мұғалімге қатысты әкімшілік хаттама толтырылыпты
Алматы облысында химия пәні мұғалімі мен оқушы арасында дау туды. Оқиғаның видеосын 8-сынып оқушысының анасы жолдады, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әйелдің айтуынша, Алматы облысы Іле ауданындағы ауылдық мектептердің бірінде химия сабағында мұғалім оқушыны үйде дәптерін ұмытып кеткені үшін айғайлап, қол көтерген. Дәлел ретінде әйел мұғалімнің оқушыға дауыс көтеріп сөйлеп жатқанын, оның қолынан ұстап, итеріп жіберген видеосын жіберген. Ол бұл дерек бойынша күйеуінің полицияға хабарласқанын айтты.
"Бір апта бұрын химия пәнінің мұғалімі баламды сабаққа екі минут кешігіп келгені үшін сабақтан қуып жіберді. Бүкіл мектеп мұғалімді қорғайды. Баламның жүйкесі жұқарғаны сонша, денесі бөртіп кетті. Мұғалімдердің қол көтеруге құқығы жоқ деп есептеймін", - дейді оқушының анасы.
Алматы облысының әкімдігі химия пәнінің мұғаліміне қатаң сөгіс жарияланғанын және Алматы облысы білім басқармасының комиссиясы жүргізген тексеруден кейін әңгіме жүргізілгенін хабарлады.
Облыстық полиция 25 қаңтарда ауыл тұрғынының арызы қабылданғанын айтты.
"Бұл дерек аудандық ішкі істер бөлімінде тіркелді. Мұғалімге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған баланың ата-анасының уәждері негізінде соңғы процестік шешім қабылдау үшін сараптама тағайындалды", - деп хабарлады полиция өкілдері.