Жаңалықтар

Арқанкерген, карантин, ядролық полигон: кібісе жылы қазақ үшін қиын жыл ма?

Кібісе жыл қалай әсер етіп жатыр?

Кібісе – 4 жылда бір рет келеді. Кібісе жылы басқа күндерден 1 күн артық, яғни 366 күн болуымен ерекшеленеді. Кібісе жылы қайдан пайда болғаны, қандай ерекшелігі бар екені туралы newsroom.kz сайты Bugin.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Жыл сайын бес сағат, 48 минут және 46 секунд есептелмейді. Ол жиналып келе төрт жылда 1 күнді құрайды. 

Цезарьдің кібісе күніне қандай қатысы бар?

Юлий Цезарь тұсында (б.з.б. 1 ғ.) астрономдарға жыл 355 күннен тұратын Рим күнтізбесін жетілдіру міндеті жүктелді. Римдіктер күнтізбе жыл мезгілдерінің ауысуынан артта қалғанын сезіне бастады.

Дәл сол кезде 365 күн және төрт жыл сайын қосылатын қосымша күні бар күнтізбе пайда болды. Кібісе жылы Ежелгі Римнен бастау алады. Цезарьдің жиені Октавиан Август өзімен аттас айға, яғни тамызға күн қосқысы келген.  Бірақ тәжірибелер бәрібір ақпан айына күн қосылуын дұрыс деп көрсеткен.

Қазақстан тәуелсіз ел болғалы кібісе жылдары қандай оқиғалар болды?

Қазақстан егеменді ел болғалы кібісе жылы жақсы оқиғалармен есте қалған. 

1992 жылы:

- Қазақстан БҰҰ-ға мүше болды. Алтын өндірілді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүше болды;

- "Бөбек" қоры құрылды;

- 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның елтаңбасы, туы және Әнұраны алғаш рет бекітілді. 

1996 жылы:

- Қазақстан ядролық сынақтарға тегіс тыйым салу келісімшартына қол қойды;

- 3 сәуірде Қазақстандағы қазақ ұлтының азаматтары құжатқа тарихи дәстүрге сәйкес өз әкесінің аты-жөнін, ата-бабасының атымен жаздыруға мүмкіндік алды;

- Қазақстандық спортшылар 3 алтын, 4 күміс, 5 қола медальге қол жеткізген.

2000 жылы:

- 29 маусымда Семей ядролық сынақ полигоны біржола жабылды;

- Бұл жыл "Мәдениетті қолдау жылы" деп аталды;

- Осы жылы Қазақстан спорты үшін жұлдызды жыл болды. 199 ел қатысқан айтулы доданың 22-орнына көтерілген ел құрамасының сапында Б.Саттарханов, Е.Ыбрайымов (бокс), О.Шишигина (жеңіл атлетика), Б.Жұмаділов, М.Дәлдібеков (бокс), А.Винокуров (велоспорт), И.Байрамуков (еркін күрес) секілді сайыпқырандар алтын-күміс медаль алып, тарихта атын алтын әріппен жазып қалдырды.

2004 жылы:

- Астанада Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің музейі ашылды;

- Бұл жылы олимпиадада 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медальге қол жеткіздік.

2008 жылы:

- Олимпиадада 2 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль алдық. Қазақстанға этникалық отандастарымыздың көшіп келу квотасы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты.

2012 жылы:

- Қазақстанда "Арқанкерген" шекара постында қырғын болды;

- Сонымен қатар осы жылы жас қазақ мамандар Абайдың қара сөздерін қалта телефондарына арналған қосымша бағдарлама етіп шығарды.

2016 жылы:

- Алаш көсемі, қоғам және мемлекет қайраткері, журналист, ғалым, халқымыздың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті;

- Осы жылы жер реформасына байланысты дау туындады.

2020 жылы:

- Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды;

- Әлемде коронавирус тарап, карантин режимі енгізілді.

P.S. Кібісе жылы жаңа іс бастамайды, отбасы құрмайды деген секілді ырымдар көп. "Кібісе жылы" ауыр жыл деушілер де көп. Дегенмен  күннің артық болуында тұрған ештеңе жоқ шығар? Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қақтығыс "қаңтар оқиғасы" кібісе жылы орын алмады ғой. Оқыс оқиға кез келген уақытта болуы мүмкін.