Кәмелетке толмаған баланы темірге билету қаншалықты дұрыс?
Белгілі журналист елімізге енген жаңа спортқа мемлекет қаржы бөлуіне қарсы екенін айтты
Белгілі журналист Азамат Әбілқайыр "пилон" спортының қазақ қоғамына еніп келе жатқанына ашынды,-деп хабарлайды newsroom.kz.
Айтуынша, батыстан енген бұл спорт түріне мемлекет қаржысынан ақша бөлінбесін деген депутатқа қарсы буллинг басталып кетіпті.
"Мына суретті көріп, есіңізге стриптиз түсті, білем. Бірақ қателесесіз. Бұл пилон деген спорт түрі. Спорт? Иә, мен де шок болғанмын. Спорт екен. "Спорт на пилон" деп атайды. Сорақысы сол біздің елде мұны кәдімгідей спорт түріне енгізіп қойған. Қазір жер-жердегі ата-аналар шыр-пыр болып жатыр. Ойбай, неге? Себебі, "нақты осы спорт түріне мемлекеттен ақша бөлуді доғарайық" деген мәжіліс депутаты Таңсәуле Ғабдыманапұлына буллингті бастап кетті. Жер-жебіріне жетіп, ауызына келгенін айтып жатыр. Депутат "жабыңдар, тоқталысын" деген жоқ. Тек "ел қазынасынан ақша берілмесін" деп отыр. Ал осыны елге әкелгендердің сөзінше, "бұл батыс мәдениетінде кеңінен тараған, спорт ретінде дамыған. Сондықтан мемлекет те қарайласу керек-мыс". Сонда батыста ЛГБТ, біржыныстылық дамыды екен деп, біз де балаларымызды соған үгіттейік пе? Жоқ, айналайын, мен мынандай спортқа бюджеттен ақша бөлуге қарсымын. Батыстан алсақ үйренетін нәрсе көп қой; мысалы, осындай спорт түрлеріне мемлекет бірде-бір қаржы бөлмейді. Әлгі ұлардай шулап жатқандар неге осыны көрмей, білмей қалды?"- деп жазды журналист.
Спортты жақтаушылар бұл бала құқығына қол сұғу деп шырылдап жатқан көрінеді.
"Бір қызығы, қазақ қоғамы үнсіз. Тек соны ұйымдастырып, оған балаларды тартып, кеңінен насихаттап жүргендер ғана шырылдап жатыр. Олардың сөзінен аңғарғаным "бұл балалардың таңдауына қол сұғу, еркін шектеу" екен. Қандай балалар? Мен өлсем де бермеймін мұндайға баламды. Менің атымнан шешім қабылдамай-ақ қойсын. Кәмелет жасына толмаған баланы мына суреттегідей темірге билету дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз? Эмоциясыз, суық ақылмен ойлап көріңізші. Қызыңызға бір қараңыз да қазір, сосын сол қаракөзді бересіз бе осыған? Сосын ол ертең сахнада, мыңдаған адам жиналған алаңдарда өнер көрсетеді? Қалай, мәдениет пе екен? Спорт па екен сол? Сіз бен бізге біртүрлі, оғаш шығар. Бірақ әлгілер мұны "мәдениет" деп бағалап отыр",- деп жазды журналист.
Спорттың бұндай түріне менің салығымнан ақша төлеуге қарсымын дейді журналист.
"Спорт дегенді былай қойғанда не тәрбие бар бұл жерде? Қандай өнеге бар? Ешкімге мораль оқымаймын. Зайырлы қоғамбыз. Өзі білсін. Хақымыз да жоқ айтуға. Алайда, мынандай "спорт" түріне менің салығымнан ақша бөлуге әрі соны мәдениет деп айтуға түбегейлі қарсымын. Осы жылы, күзгі салым Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Ұлттық спорттың сыналатын да, асқақтап аты да шығатын күні. Ал бірақ біздегі аударыспақ, теңге ілу, садақ ату, қыз қуу секілді ұлттық спорт өлместің күнін кешіп келді. Не жөндеп ақша бөлмейді, не насихат жоқ. Есесіне мына суреттегі "спорт" түрлеріне бөлінген қаржы ұлттық спорттың кейбір түрлеріне бөлінген ақшаны он орайды. Енді осыған қарап-ақ біздің спорт саласындағы былықтың көп екеніне көзіміз жетеді,"- деп жазды Азамат Әбілқайыр.