Әлем

Бішкектегі апат: Қазақстан Қырғыздарға көмек бермекші

ҚР Сыртқы істер министрі Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрімен телефон арқылы сөйлесті

ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды newsroom.kz.

Сұхбат барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Бішкек қаласының ЖЭО-ға қатысты жағдайды реттеуге жәрдемдесуді үйлестіру бойынша екіжақты өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

"Осыған байланысты Қырғызстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы ЖЭО жұмысын қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті",- делінген Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында

Айта кетейік, 2 ақпанға қараған түні Бішкектегі ЖЭО-да жарылыс болды. Бес адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Апаттан кейін Бішкектегі көп тұрғын үйде жылу жоқ. Бішкектегі мектептер мен балабақшалар онлайн оқытуға көшті.

Қырғызстан премьер-министрі Ақылбек Жапаров Алматыға сапарын дереу тоқтатып, президент әкімшілігіндегі кеңеске қатысу үшін Бішкекке аттанды.