"Мұнара" газеті,"Иман" журналының бас редакторы Серікбол Хасан өзінің әлеуметтік парақшасында Қазпоштаның жұмысына көңілі толмайтынын жазды,-деп хабарлайды Newsroom.kz
-Ербол Азанбектің Қазпошта жайлы пікіріне қосыламын. Қазпошта блогерлерге бөліп отырған бюджетті өз қызметін жандандыруға жұмсаса, анағұрлым пайдалы болар еді. Адам бірнәрсе жасағаннан кейін барып “біздерде мынадай бар, мынадай бар” десе жарасады. Ал әлі жасалмаған, жоқ нәрсені қалай жарнамалайсың? “Біз өйткелі жатырмыз, бүйткелі жатырмыз” дегенге қазір ешкім иланбайды.
Қазпошта ел ішіндегі жеткізу қызметін дұрыс жүргізе алмай отыр. Шетелдегі тауарды әп-сәтте әкеліп береді дегенге кім нанады? Газет-журналды оқырмандарға жинап-жинап айына, маусымына бір апарады. Жазылған газет-журналы қолына уақытында жетпегесін оқырман ренжиді. Сосын ренішін бізге, редакцияға айтады. Келесі жолы жазылғысы келмейді. Соның салдарынан баспасөздің тиражы да төмендеп барады.
Қазпоштада халықпен кері байланыс жоқ. Газет-журналдың жайын сұрай бастасаң, бір-біріне сілтеп, ешкім жауапкершілік алмайды. Сөйтіп отырған Қазпошта қарық қылады дегенге сену қиын екен,-деді журналист Facebook парақшасында.