Қасым-Жомарт Тоқаев Украина президентіне телефон арқылы байланысқа шығыпты
Екіжақты сауда-экономикалық және саяси диалогты жандандыру мәселелерін талқылады
Украина президенті өзінің ресми Telegram-арнасында Қазақстан басшысымен екіжақты сауда-экономикалық және саяси диалогты жандандыру мәселелерін талқылағанын айтты,-деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Orda.kz-ке сілтеме жасап.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлестік.
Ең алдымен елімізге көрсеткен гуманитарлық көмек үшін алғысымды білдірдім. Мен әріптесімді Украина бейбітшілік формуласын жүзеге асыру бойынша қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілер жұмысының нәтижелері және Жаһандық бейбітшілік саммиті алдындағы дайындық шаралары туралы хабардар еттім.
Мен Тоқаевқа бүгін Киевте күштеп қоныс аударылған украиндық балаларды қайтару жөніндегі халықаралық коалицияның отырысы өтіп жатқанын айттым.
Қорытындылай келе, біз екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынас пен саяси диалогты жандандыру мәселелерін талқыладық» деп келтіреді басылым Зеленскийдің сөзін.
Еске сала кетейік, бұған дейін 2022 жылдың қазан айынан бері Қазақстанда Украина елшісі болмағанын, Қазақстан мен Украинаның қарым-қатынасы салқын көрінетінін айтқан едік.
Бұған дейін Украина мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас, Ресеймен соғыс және оның зардаптары туралы Orda.kz тілшісі Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подолякпен сөйлескен болатын.