Жаңалықтар

Сенаторлар ауыл тұрғындарының мәдени дискриминациясына алаңдады

Ауыл тұрғындарының мәдени дискриминациясына не болды?

Сенаторлар ауылды алтын бесікке, мәдениетіміздің мәйегіне, ұлт руханиятының өзегіне теңеді. Олардың көкейінде  ауылдың мәдени өмірі жұтаң тартып бара жатқан жоқ па деген сауал туындады,-деп хабарлайды Newsroom.kz

Сондай-ақ, құбылған заманда құбыладан жаңылмас үшін құндылықтар қажет екені белгілі. Біз «вандализм көбейді, қатігездік артты, аялдаманы қирататын, жедел жәрдем жүргізушісін ұратын жүгенсіздік қайдан шықты, мәдениетіміз неге төмендеді?» деген сұрақты жиі қойылатынын Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Дархан Қыдырәлі айтты. 

- Мәдениет үйі жоқ жерде мәдениет қайдан болсын?! Бұл ретте елді мекендердегі, әсіресе шалғай ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтардың жай-күйі, техникалық базасы сын көтермейтіні жасырын емес. Олардың басым көпшілігі 90-шы жылдары жекешеленіп кетті. Қазір жұмыс істеп тұрған 2035 мәдениет үйінің 770-і және 2006 ауыл клубының 608-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Кейбірі тозығы жетсе, енді бірі апаттық жағдайда тұр. Мәселен, біз жұртшылықпен кездескен Түркістан облысында 625 елді мекенде мәдениет үйі жоқ. Мұндай мысалды әр өңірден келтіруге болады.

«Адамды адамзат еткен – кітапхана» деген Әбіш Кекілбаев. Елімізде 3 891 кітапхана болса, оның 79% ауылдық жерлерде екен. Алайда ауыл кітапханаларының көпшілігі (60%-тен астамы) ескірген. Айталық біз барған Сайрам ауданының орталық кітапханасы 1968 жылы салынған. Кітапханалардың материалдық-техникалық базасы нормативтік талаптарға сай емес. Жалақасы төмен болғандықтан, маман тұрақтамайды. Көптеген кітапханаларды кезінде мектептерге қосып жібергені белгілі. Қарапайым тұрғындар оны пайдалана алмайды. Мәдениетке көбіне «қалдық принципімен» қарайтын жергілікті атқарушы органдар бөлетін мардымсыз қаржы кітап қорын толықтыруға жетпейді. Мың данамен шыққан кітап кітапханаларға қайдан жетсін? Әсіресе көркем әдебиет жетіспейді. Көркем ниет – өркениет өзегі десек, ол көркем әдебиет оқу арқылы қалыптасады. Ауыл спорты туралы айту тіпті қиын. 2 270 елді мекенде (47%) спорттық нысан жоқ. Ауыл тұрғындары мектеп спорт залдарын пайдалана алмайды.

Мектеп бітірген ауыл жастары мен тұрғындары демалыстарын тиімді өткізетін, өздерін дамытатын мәдени ошақтар аз, шығармашалықпен айналысуға домбыра, қолөнер сияқты қарапайым үйірмелер жетіспейді. Ауылда мәдени инфрақұрылым болмай, креативті индустриянының дамуы қиын. Арадағы мәдени алшақтық ұлғайғандықтан, ауылдан қалаға ағылған жастар қатары артып келеді. Олардың қалаға жақсы жұмыспен бірге, жайлы тұрмыс, мәдени орта іздеп келетіні анық. Жүйесіз урбанизация мәдени иммунитеті төмен маргинал жастардың қатарын көбейтеді. Кітапханасы тозған, бас қосатын мәдениет үйі ескірген, кино көруге, концерт тамашалауға, спортпен айналысуға жағдайы жоқ ауыл жастары мен тұрғындар сонда немен айналысады? «Қазақстан жастары» мекемесінің зерттеуіне сүйенсек, елімізде жастардың көпшілігі бос уақытын әлеуметтік желіде (74,3%) және интернетте онлайн фильмдер қараумен (63,6%) өткізеді.

Әрине, бұл – жылдар бойы қордаланған мәселе. Президенттің жаңа мерзімдегі алғашқы Жарлығы ауылды дамыту жөнінде болды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан істер аз емес. 2021 жылдан бері кітапхана қызметкерлерінің жалақасы артып келеді. Жастарды жұмыспен қамту үшін қаржы бөлінуде. Ал ауылдағы мәдени өмірдің сапасын жақсартуға қашан басымдық беріледі? Әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсарып, жаңа мектептер салынып жатқанда, ауыл тұрғындары өздерін жайлы сезінуі үшін мәдениет ошақтарын да жаңалау шарт. Ауыл жастары мен тұрғындары мәдени дискриминацияға ұшырамауы тиіс!

Мемлекет басшысы Құрылтайда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашуды армандайтынын айтқан еді. Соған сәйкес ауыл кітапханалары салына ма? Жалпы ауылдың мәдени өмірін дамытуға арнайы бағдарлама бар ма?

Құрметті Тамара Босымбекқызы!

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден, жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз. Құрметпен, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Дархан Қыдырәлі, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Әлишер Сатвалдиев, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова, Халықаралық қатынастар, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Геннадий Шиповских, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Мұрат Қадырбек тіл қатты ауылдың мәдениетіне алаңдаған сенаторлар.