Жамбыл облысында 25 автокөлік соғысып, жол-көлік оқиғасы орын алды,-деп хабарлайды Newsroom.kz
31 қаңтар күні сағат 10:47 шамасында Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылының маңында "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" республикалық маңызы бар автожолының 567-шақырымында ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ, көрінудің шектелуі, боран) 26 автокөліктің (4 жолаушылар автобусы, 4 жүк көлігі және жеңіл көліктер) қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды.
ЖКО салдарынан қаза тапқандар жоқ. Б. Момышұлы ауылының орталық аудандық ауруханасына түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен 25 адам жүгінді.
Тараз қаласынан 593-тен 534 шақырымға дейінгі бағыттағы автожол екі жағынан да жабық. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасауда, оқиғаның мән-жайлары анықталуда.
Жамбыл облысының полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін әсіресе ауа райы қолайсыз болған жағдайда қатаң сақтау қажеттігін еске салады.