Иманды болсын! Қарағандыда үйіндінің астынан 2 адамның мәйіті шығарылды
Қарағандыда газ балоны жарылды
Қарағанды облысының Ботақара кентінде құтқарушылар тұрмыстық газ балонының жарылуы салдарынан құлаған үй қирандыларының астынан екі адамның денесін алып шықты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы kazinform-ға сілтеме жасап.
Оқиғадан 5 адам зардап шеккен, оның үшеуі — бала.
Еске сала кетсек, 30 қаңтарда сағат 00:07-де Бұқар жырау ауданы Ботақара кентіндегі Әуезов, 8а мекенжайы бойынша екі қабатты, екі кіреберісі бар 12 пәтерлі тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқан №10 пәтерде жарылыс болды. Пәтердің төбесі мен қабырғалары толық опырылып түсті. Бірінші қабатта орналасқан № 7 пәтер де қирап қалды. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде бірінші қабаттағы № 5, 6, 8, екінші қабаттағы № 11, 12 пәтерлер жартылай зақымданған.
Тұрғын үй 2014 жылы салынған. Жалпы ауданы — 510 шаршы метр. Мұнда 46 адам тұрады, жарылыс кезінде 35 адам болған.
«Сағат 00:11-ден 03:37-ге дейінгі аралықта жүрген құтқару жұмыстары кезінде қирандылар астынан қаза болған екі адамның денесі шығарылды. Жарақат алған бес адам түрлі дене жарақаттарымен Бұқар жырау аудандық ауруханаға жеткізілді, оның үшеуі — бала. 25 азаматқа жедел психологиялық көмек көрсетілді», — деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
Төтенше жағдайлар департаментінде 8-7212-517223 номері бойынша жедел желі іске қосылды.
Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Жұмысқа 139 адам мен 32 техника жұмылдырылған.