Ақша жинауда нені дұрыс жасамай жүрсіз?
Ақша жинаудың қарапайым тәсілдері
Ай сайынғы табыстың бір бөлігін жинап, ақша үнемдеу үшін newsroom.kz ұсынған қарапайым тәсілдерге жүгініп, материалдық жағдайыңызды жақсартып алуға болады. Ең бастысы, ақша ұқыптылықты ұнататынын естен шығармаған абзал.
Жалақы алған күні дүкенге жүгірмеңіз
Отыз күн бойы сарыла күткен жалақы қолға тиген кезде, көбінің дүкенге немесе супермаркетке жүгіретіні жасырын емес. Алайда, ай сайынғы табысыңыздың бір бөлігі артылсын десеңіз, бұл ойдан бас тартыңыз. Себебі, қалтада ақша бар кезде, адамдардың дені ойланбай сауда жасайды, қажетсіз дүниелерді сатып алады. Сондықтан, ең алдымен үйге келіп, керекті заттардың тізімін жасап алған жөн.
50/20/30 қағидаты
Ай сайынғы табыстың 50%-і тамақ, көлік, кредит секілді "міндетті шығынға" жұмсалады. Ал 20 процентін депозит ретінде сақтап қойыңыз. Қалған 30%-і өзіңіз үшін: достармен көңіл көтеру, сұлулық салондары, мейрамхана-дәмхана. Ақша жинауды мақсат еткен кез келген адамға ай сайынғы табысын осылай бөлуге кеңес береміз.
Қымбат тауардың бәрі сапалы емес
Брендке айналған азық-түлік түрлерінің орнына көпке танымал емес тауарды сатып алу ақшаны әжептәуір үнемдеуге мүмкіндік береді. Қымбат тауардың бәрі сапалы емес екенін естен шығармаған абзал. Мәселен, денеге жағатын крем немесе йогуртты сатып алмас бұрын, оның құрамына назар аударып, бағаларын салыстырып шығыңыз.
Есте болсын: мерчандайзинг ережесі бойынша, кез келген сауда орнында ең қымбат тауарлар көзге бірден көріну үшін жоғарғы сөрелерде орналасады. Ал арзан тауарлар тиісінше төменде. Сондықтан бір еңкейіп, төмендегі заттарға да қарап жүріңіз.
Әр шығынды жазып жүру
Өз бюджетіңді жоспарлау – пайдалы іс. Табыс пен шығынды күнделікті жазып отыру арқылы ақшаның қайда жұмсалып отырғанын анық білуге болады.
Банк карточкасын сирек қолданыңыз
Қазір адамдардың көбісі ыңғайлы әрі сенімді боғандықтан, банк картасымен есеп айырысуды жөн көреді. Бірақ, ақша үнемдеуге қатысты жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, банк картасын үнемі пайдаланатындар ай соңында өз шығындарын есептей алмай, жалақысының қайда жұмсалып кеткенін еске түсіре алмай дал болады екен. Себебі, кез келген жанға әмияндағы қағаз ақшадан гөрі көзге көрінбейтін цифрлармен "қош айтысу" жеңілірек.
Егер банк картасынан бас тарта алмасаңыз, онда әр есеп айырысқаннан кейін чекті мұқият зерттеп, немесе мобильді қосымша арқылы кеткен шығынды бақылауды әдетке айналдырыңыз.
Сондай-ақ, сізге қызмет көрсететін банктің ақша жинауға қатысты қандай қосымша сервистері бар екенін біліп алған да артық етпейді.
Комиссия ретінде кететін ақшаны азайтыңыз
Егер сіз бөтен банкоматтан ақша шешіп алуға бел бусаңыз, бұл қызмет үшін үстіне пайызбен ақша төлеуге дайын болыңыз. Бір қарағанда, ол сізге ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Алайда басқа төлем жүйесі арқылы тұрақты түрде ақша аударып, қолма-қол ақша алу қалтаңызды жұқартатыны анық.
"Копилка"
Қанша жерден қарабайыр көрінсе де, өте тиімді тәсіл. Өзіңізге үлкен әрі әдемі ақша жинайтын сандықша сатып алыңыз. Оған тек ұсақ тиын-тебен ғана емес, қағаз ақша да сиятын болсын.