Жанар Байсемізова журналист Қымбат Досжанның ОАР елдері асырап алған қазақ балалары туралы айтқан ақпаратын жоққа шығарды,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Жанар Байсемізова ОАР елдеріндегі қазақ балаларының аман-сау екенін айтты.
“Оңтүстік Африка Республикасындағы ҚР елшілігінде консулдық есепте 31 қазақстандық жетім бала тіркелген. Бірақ, балалар кәмелеттік жасқа толып кеткендіктен консулдық есептен шығарылған. Олар енді ОАР азаматтары. Қазіргі уақытта консулдық есепте қазақстандық бір бала бар, оның жасы 16-да. Асырап алғанда жүрегінде ақау болған, емдеткен, қазір жағдайы жақсы. Қалған балалар да дін-аман.
Өлмеген! Тірі! Органға кетпеген!",-деді Жанар Байсемізова.
Айтуынша, олар ОАР-ның түрлі қаласында тұрып жатыр екен.
"Оларды ақ нәсілділер асырап алған, көпшілігі еврей. Тұрмыстары жақсы, арасында дипломаттар да бар. Қазақстандық жетім балаларды асырап алғандардың арасында қытайлар да бар.
ОАР-дағы 31 баланың құжаты 2014-ші жылы Египеттегі ҚР елшілігінен ОАР берілген. Өйткені бұл уақытқа дейін ОАР-да Қазақстан елшілері болмаған. Осы 31 баланың үшеуі Кенияда. ОАР-дағы ҚР елшілігіне 14 мемлекет қарайды, бірақ Кения жоқ. Кениядағы үш баланы Данияның және Нидерланды елінің азаматтары асырап алған. Олар да дін аман. Найроби қаласында тұрады.
Жалпы, ОАР - Африкадағы ең дамыған ел. Ондағы 30 баланың 11-і қазақ,-деді Жанар Байсемізова.
Сондай-ақ ол БАҚ өкілдері шын ақпаратты таратып, дәлелмен сөйлеуі керек деді.
“БАҚ өкілдері ойына келгенді айта бермеу керек. Дәлел, фактпен сөйлеу керек.
ОАР Қазақстандық жетім балаларға қатысты тараған жалған ақпарат ел ішінде дүрбелең туғызып жатқан соң, өз парақшам арқылы осы мәліметтерді жариялап отырмын”,- деп жазды Жанар Байсемізова.
Бұған дейін, Қымбат Досжан ulysmedia.kz сайтына берген сұхбатында ОАР елдері асырап алған 31 қазақстандық баланың қазір қайда екені белгісіз деп айтқан еді. Тіпті олардың “тірі донор” болып кетуі де мүмкін деген. Бұл тұжырымды Израиль елінің адам ағзасын донорлыққа өткізуден алдыңғы орында болуымен байланыстырды.