Жаңалықтар

Алматыда әр 100 жыл сайын жер сілкінеді деген рас па?

Қазақстандық ғалым жер сілкінісін алдын ала болжапты

23 қаңтарда түнгі уақытта Алматыда болған жер сілкінісі жұртты дүр сілкіндірді. Бір қызығы бұл жер сілкінісі болатыны туралы болжам бұған дейін болған екен, - деп хабарлайды newsroom.kz порталы massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Ол жайдан жай туған болжам емес: бірнеше ай бойы жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижесі. Зерттеу жұмысын қазақстандық жетекші ғылыми қызметкер Марат Нұртас бастаған топ жүргізген. Аталмыш зерттеу Алматы қаласындағы Ионосфера институтында жасалған. Марат Нұртастың өзі институттың "Спутниктік және геодинамикалық зерттеулер зертханасы" меңгерушісі және ХАТУ-да Machine Learning, Deep Learning бойынша сабақ береді.

Марат Нұртас - сейсмолог емес, математик. Алайда бұған дейін жасалған зерттеу жұмыстары жер астын зерттеумен байланысты болғандықтан сейсмологиядан да тәжірибесі бар деп айтуға негіз бар. 

"2016 жылы қолданбалы математика бойынша PhD дәрежемді қорғадым. Менің диссертациялық жұмысым жер астымен байланысты болды. Яғни сейсмикалық, акустикалық толқын теңдеулерінің тура және кері есептері болатын.  Диссертациялық тақырыбым 2013 жылы қойылған болса, сол кезден бері айналысып келе жатырмын. Оны зерттейтін түрлі сала бар. Солардың бірі - геофизика саласы. Одан бөлек, жер сілкінісін зерттейтін сейсмология бар. Оның бәрін зерттедім деп айта алмаймын. Бірақ менің негізгі жұмысым - жер астындағы түрлі қабаттан тұратын динамикалық қозғалыстарды, сол жердегі мұнай-газ, судың орналасқан жерлерін кері есеппен табу еді",- деді Марат Нұртас.

Бұдан бөлек, зерттеуші 2016 жылдан 2018 жылға дейін сандық әдістерге қатысты біраз сабақтар өткен.

Марат Нұртас кейін АҚШ-та тәжірибеден өтіп, елге келгеннен кейін кафедрадағы профессорлармен ақылдаса отырып деректер ғылымына қатысты білім беру бағдарламасын жасаған. 

"Кейіннен АҚШ-тағы үйреніп келген, жасанды интеллектпен жұмыс тәжірбиесін қайда қолданамыз деген ой келді. Студенттермен жобалар жасап жүрдік. Бірақ студенттерді шабыттандыру үшін өмірден нақты мысал керек деп ойлайтынмын. Ізденісте жүрдім. Осылайша 2023 жылы Ионосфера институтына бір себептермен барып қалып, жұмыстарымды айтып, баяндама жасап едім, оларға қатты ұнады. Институтта жер сілкінісіне қатысты зерттеуімді бастап кеттім. Мен сейсмолог емес екенімді, қолданбалы математика маманы екенімді бірден айттым. Институт өкілдері де мені қолдады.

Бізде "100 жылда жер сілкінісі қайталанады" деген түсінік бар ғой. Расында бола ма, болмай ма деп деректерді өңдеу арқылы жасанды интеллект әдісімен анықтауға бола ма деп өзіме тапсырма қойдым. Ол үлкен жұмыс, түрлі тест жасау керексің, бір өзің үлгермейсің. Арасында студенттеріме тапсырма беріп, түрлі тәжірибе жасап, жұмысымызды бастап кеттік", - дейді маман.

Жалпы жасанды интеллектті қолданып, жер сілкінісін болжау деген жаңа нәрсе екен.

"Бұл жайлы ең алғашқы мақалалар тек 2017 жылы жүргізілген екен. Біз өзіміз тәуелсіз зерттеу бастадық. Қазақстанда бұған дейін тек дәстүрлі әдіспен зерттелген екен. Бізге жұмысты бастау үшін ең алдымен деректер қажет болды. Ең бірінші жинаған дерегіміз АҚШ-тың геологиялық қызметінде портал бар. Сол порталдан ашық деректер алдық. Себебі ол жерде әлемдегі сейсмостанциялардағы деректер жиналады. Біз жалпы 37 мың дерек жинадық. Ол үшін бүкіл әлемді емес, тек Тынық мұхитының тақтасы мен еуразиялық тақтаның қиылысқан жерін қарастырдық. Себебі ол жер сейсмикалық белсенді аймақ болып саналады екен.

Деректер жеткіліксіз болып, 1900 жылдан 2023 жылға дейінгі деректерді жинадық. Одан кейін Алматыдағы сейсмология институнан деректер алдық. Осы үш деректі деректер анализы бойынша статистикалық деректерді өңдедік. Оның өзіне 2-3 ай кетті", - дейді Марат Нұртас.

Ол деректерді өңдегеннен кейін зерттеу мақаласы шындыққа жанасуы үшін дәстүрлі әдіспен салыстырып көрген. Оның айтуынша Ионосфера институтында ұзақ жылдан бері еңбек ететін академик Жумабек Шабденамович Жантаев осы жұмысты қолдап өз кеңесін беріп, картада қай жерлерді зерттеу керек екені туралы ұсыныстарын берген.

"Мысалы бұған дейін геодезиялық және геофизикалық мониторинг деген әдіс бар екен. Тағы бір әдіс - сейсмикаға негізделген модель. Сонымен қатар енді жаңа әдіс Машинамен оқыту тәсілдері бар. Біз осы соңғы жаңа тәсілді қолдандық", - дейді Марат Нұртас.