Облыс орталығында отырып, суды тасып ішуге мәжбүр
Облыс орталығында отырып, суды тасып ішуге мәжбүр
Қаланың қақ ортасында қурап отырмыз. Түркістан қаласындағы 30 шақты үй бірнеше жылдан бері мөлдір суды қанып ішкен емес. Ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның ар жағындағы ат тұяғы жетпейтін алыс ауыл болса, өкпе жоқ. Білдей бір облыс орталығы саналатын, туристік қала болып есептелетін көне шаһар үшін бұл сорақылық. Тұрғындар амалсыз құдық қазып, егін салсаң ол да өспейтін, құйып берсең мал да ішпейтін тұз сумен тіршілік етіп жатыр. Көлігі барлар алыстан тасып ішеді екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Клара Алтынбекова ауыз суды жарты шақырымнан тасып ішуге мәжбүр. Кеңестік кезеңде қазылған ұңғыманың алдында күнде кезек. Ыдысын қолына алып жаяу-жалпы, тіпті көлікпен келіп жатқандардың қарасы қалың. Осы маңда санитарлық талаптардың сақталып жатқандығының өзі күмән тудырады.
КЛАРА АЛТЫНБЕКОВА - ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
"Бала-шағаларымыз тасиды. Көлік болса, көлікпен алып кетеміз. Суы жоқтар осы біз сияқты, кезек-кезек келіп аламыз. Бұл жерге бұрын машина да жуатын, жұрттар келіп кілемін де жуатын, баня тұғын. Енді соны бұзып қайттан салайын деп жатыр. Міне қазір мынадай қылып қойып қойған. "
Суды тасып ішіп отырған осы маңдағы отыз шақты жанұя. "Облыс орталығында тұрамыз деген атымыз болмаса, затымыз оған сай емес" - дейді, жұрт. Мәселені жергілікті атқарушы органдарға қанша айтқанымен еш нәтиже болмапты. Бүгінде жақын жердегі 2 қабатты үйлерге ауыз су тартылып жатса да, бас-аяғы 30 үй ол жобаға тағы кірмей қалған.
"Тұрғындардың күнделікті жуатын ыдысы, кірі, есік алды егістігі болғандықтан оның барлығына суды тасымалдап жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да, әрбір үй ауласында осындай құдық қаздырып алған. оған насос орнату да қаржыны талап етеді. Алайда, ол судың тұздылығынан кір машиналарын жиі істен шығып егістік те шіріп жатқан көрінеді. "
ЕРКІН РОЗИЕВ - ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
"Құдық ішуге болмайды, сор, тұз. Огородқа да болмайды, өспейді ол суғарған. мына араға келіп тұр, мынау домдарға. Бергі жағы не какой та 100 метр. содан бізге тартып берсе жақсы болар еді. "
Мәселенің мән-жайын білмек үшін жауапты мамандарға сұрау салдық. Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, Түркістан облысы еншісін алмай тұрып Сырғақ батыр көшесіндегі 2 қабатты үйлерге ауыз су мен кәріз жүйесін тарту жұмыстарының Жобалық сметалық құжаттары әзірленген екен. Ол жоспарда осы маңдағы жеке тұрғын үйлерді ауыз сумен қамту қаралмапты. Жобаны қайта әзірлеу ұзақ уақытты алады. Сондықтан да аталған көшедегі 30 үйге тіршілік нәрін жеткізу жұмыстары Түркістан су мекемесінің инвестициялық жобасы арқылы жүзеге асады деп сендірді.
НҰРСҰЛТАН ЖАРАСОВ - ҚАЛАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
"Көпқабатты тұрғынүйлерге жобаны әзірлеу барысында қамтылмай кеткенін ескерек отырып, біз ол 30-40 үйге біздің Түркістан-Су деген мекемеміз бар, Түркістан қаласының әкімдігіне қарасты. Сол мекеменің жылдық табысынан Инвест жоба әзірлейміз әр жылы. Сол жобада осы 30-40 үйге ауыз су тарту жобасы енгізілген. Оны біз 2020 жылдың 9 ай қорытындысымен қарап, Түркістан судың табысын есептей отырып, 2020 жылы бастап, 2021 жылы ауыз сумен қамтуды жоспарлап отырмыз. "
Айта кетерлігі, Түркістан қаласының ауыз сумен қамтылу деңгейі 97 пайызды құрайды екен. Аталған көрсеткішті 100-ге жеткізуге қала халқының саны бар болғаны 2 жылдың ішінде 120 мыңнан 170 мыңға өскедігі қолбайлау болып отырған көрінеді.
Дереккөз: Еуразия арнасынан