"Сен жалғыз емессің" Шетелдегі қазақ жастары қауымдастық құрыпты
60-70 қазақ баласының басын қосқан
Жанар Байсемізованың “Шетелдегі қазақ балалары” жобасының кезекті шығарылымында шетелдік қазақ жастары өздерінің тағдырын қайталаған жандарға көмек ретінде подкаст шығарыпты,-деп хабарлайды newsroom.kz.
Үш жігіт бірігіп, өз хикаяларын айтып, қиын жағдайдағы балаларға барынша көмек көрсетуге тырысып жүр екен.
“Өз үнімізді естіртеміз. Қандай қиындықтан өткенімізді, одан шығу жолдарын айтамыз. Қазақстаннан асырап алынған балаларға “сен жалғыз емессің” деген месседжді жеткізгіміз келеді”,-дейді шетелдегі қазақ баласы.
“Bromads” деп аталатын подкастты Руслан, Сардар және Талғат атты үш қазақ жігіті Америкадағы асырап алынған қазақ балаларына көмектесу мақсатында ашқан. Әлеуметтік желілер арқылы әп-сәтте 60-70 қазақ баласын тауып, барлығын бір топқа тоғыстырыпты. Олар айына бір рет кездесіп тұрады екен.
“Бізге біреуге сенім арту қиын болды. Үшеуміз бір-бірімізбен танысқан кезде бастан кешкенімізді айтып бердік. Қиындығымызбен бөлістік. Асыранды болу сезімі өте қиын. Жалғыз, тастанды қалғандай сезінесің. Біртүрлі деп ойладық. Бірақ, бұл ешқандай да біртүрлі емес. Сен өзгешесің, бірақ бұл басқалардан төменсің деген сөз емес, керісінше ерекше екендігіңнің белгісі”-дейді Талғат.