Бізді кім қорғайды? 600-ге жуық ер офицер декретте екен
Әскери өмірден жас сарбаздар ғана емес, шенді офицерлер де жалтара ма?
Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан "Уәде" бағдарламасында байрақ көтерер батырлардың бала күтімінде отырғанын айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Ер офицерлерді декретке шығару туралы шешім 2014 жылы қабылданған екен.
"Бірінші жылдары олар ұялып, 3-4-і ғана шығатын болды. Қазір 597-сі рахаттанып декретте жүр. Өйткені олардың қызметі жүріп жатады, шендері өсе береді. Балаға қарайтын үйде әйелі, мамасы немесе күтушісі бар. Ол басқа, уақытша жұмыс істеп, көп ақша тауып жүр. Бұл кішкене ұятсыздау, әрі қауіпті нәрсе. Себебі, декретке кететін кейбір офицерлер - керекті мамандар. Мысалға ракетчик болуы мүмкін. Оның орнына кімді қоясың? Қорғаныс министрлігі осыны уайымдап, шырылдап жүр. Бұл норманы мүмкін біз қайтадан қарастырармыз",- деді депутат.
Жалпы, бұл норманы Женевадағы халықаралық еңбек ұйымы шешіпті.
"Бұны біз шешпедік. Женевада Халықаралық еңбек ұйымы бар. Сонда әйел де, еркек те декретке шығуға құқысы бар деп шешті. Қазақ қоғамына бұл ерсі нәрсе. Олардың орнын толтыра алмай жүрміз",- деді Айгүл Құспан.