"Інісін сәби кезінде ұрып-соғыпты" Шетелдегі қазақ қызы тағдырын айтты
Қарағандының шетел асқан қызы өмірі жайында айтты
Жанар Байсемізованың "Шетелдегі қазақ балалары" жобасында Юта штатындағы Қарағандының аруының тағдыры айтылды,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Төлегенова Айнаш Қарағандыдан Калифорнияға келер кезде аты Карина Новишо болып өзгеріпті.
22 жасқа келген бойжеткен қазір Юта штатындағы университетте қоғаммен байланыс мамандығында білім алып жатқан көрінеді. Жастайынан әке-шешем жақсы білім мен тәрбиені берді дейді жас ару.
"Болашақа БҰҰ-на қарасты Юнисеф балалар қорында жұмыс істегім келеді. Балалардың құқығымен айналысқым келеді. Әлемнің әртүрлі жерінде балалардың еңбегін пайдаланып жатқандар көп. Балалардың балалығын ұрлаған елдер көп. Егіс алқабында, зауыттарда балаларды тәулік бойы жұмыс істеп жатқандар бар екен. Бала саудасы да көп. Балалардың болашағын қамтамасыз ету біздің мойнымызда",-дейді Айнаш.
Өмірге құштарлықпен қарайтын, Айнаштың әрбір сөзі "әлем тамаша" деп аяқталады. Айнашты бауырымен бірге Қарағандыдан асырап алыпты. Ник есімді інісінің ақыл-есі дұрыс емес екен. Бірақ, Қарағандыдағы балалар үйінің қызметкерлері бұл туралы шетелдік ата-анасына айтпапты. Дәрігерлердің тексеруінше, Никке кішкентай кезінде зорлық-зомбылық көрсеткен көрінеді. Сап-сау туған балаға қиянат жасап, ұрып-соғып ауру етіпті.
18 жасында Қазақстанға барған Айнаш ұшақтағы, көшедегі адамдардың қазақша сөйлегенін естігенде қатты толқыдым дейді.
"Менен көшедегі адамдар қазақша бірдеңе сұрап жатты. Мен қазақша сөйлей алмайтынымды айтуға тырыссамда, іштей керемет сезімде болдым. Демек, мені осы жердің адамы ретінде қабылдап жатыр. Бұл сапар мені тамырыма жалғады. Қазақ болғаныма мақтанамын. Бұл жақта менің бір үйім бар екендігіне сенімдімін. Тағы да барғым келеді",- деді Айнаш.
Қазақстанға барғанда биологиялық анасымен кездесіпті. Некесіз дүниеге әкелгендіктен анасы балалар үйіне тапсырған екен. Күлімдеп жүрген ару анасымен кездесуде өзегі өртеніп, ашуға булығыпты. Көңілдегі алаңнан арылып, кездесу арқылы өткеннің ауыр мұңын артқа тастаған екен.
Шетел асып кеткен Айнаштың тағдыры басқа шетел асқан балаларға қарағанда әдемі, мәнді де сәнді өрбіпті.