Түркі әлемінің мәдени астанасы туралы не білеміз (видео)

02 Наурыз, 2020 211 0

Өткен жылдың соңында Өзбекстандағы Хиуа қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды, деп хабарлайды Newsroom.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап. 

Тамырлас халықтардың өркениетін өркендеткен ескі шаһар бүгін де көнеден сыр шертіп тұр. Мұндағы мыңжылдық тарихы бар мәдени һәм тарихи ескерткіштер қаз қалпында сақталған. 

Екі мың жеті жүз жылдық тарихы бар көне шаһардың ғажайыбы сырға толы. Хорезм, Хиуа – хандықтарының астанасы болған қала. Хан, сұлтан, әмірлер жерленген жер бұл. 

Жасын Біркенов, тілші: 

Жалпы Хиуа қаласының тарихы тереңде жатыр. Атауы сонау біздің заманымызға дейінгі 6-ғасырдан бастау алады. Сол кезде керуен сарайлар осы жерден жүріп келе жатқан кезде олардың ішетін суы таусылып қалады. Құмды жерде, шөл жерде құдық қазып, сол құдықтан алған суды ішеді де «Хей Уа!» дейді. «Хей Уа» деген «Қандай дәмді су» дегенді білдіреді. Міне, сол құдықтан көне Хиуаның тарихы басталады. 

Ескі қаланың іші медресе, мешіт, музейлерге толы. Ғимараттардың сәулет келбеті сол күйі сақталыпты. Бір қызығы, бұл жерде көнеден сыр шерткен тұрғын үйлер де бар.

Руслан Балтаев, экскурсия жүргізушісі: 

Мәдени тарихымыздан басқа адамдар тұрады. Ішінде 270 үй бар. 2500-ден астам адам тұрады. Енді бізде ескісі сақталып қалу керек. Сол себепті бұзып, қайта соғу үшін рұқсатпен жасау керек. Болмаса рұқсат бермейді.

Жасын Біркенов, тілші: 

Бұл – Хиуа хандарының резинденциясы. Жалпы бұл хандықты 58 хан билеген екен. Оның 56-ы осы көне сарайда тұрған деседі. Мұның көнелігі соншалық, мынау қақпаның өзі сонау 17-ғасырдан бері сақталып келе жатыр. 

Қала қойнауында тарихтың небір құпия-сырлары жатыр. Мәселен, ерекше бояумен өрнектелген мынадай кірпіштерді көнеде қалай жасағаны белгісіз. Айта берсең, Хиуаның сыры көп.

Жасын Біркенов, тілші: 

Бұл жерде сондай-ақ нөсер канализацияларын аңғаруға болады. Оның өзі талай сырды ішіне бүгіп жатыр. Өйткені осы күнге дейін бір де бір ғалым осында түскен жауын-шашынның түптің түбінде қайда баратынын, қайда келіп құятынын білмейді. Белгісіз. ЮНЕСКО-ның өзі осы бір дренажды құрылғыны ашып, қазып, зерттеуге тыйым салып отыр.  

Өз заманында мұнда Мұхаммед әл-Хорезми, Әбу Райхан ибн Бируни, Әбу Әли ибн Сина сынды әлемге тараған ғұламалар еңбек еткен. Қазақ ұлтының ұлы тұлғалары да осы жерден тәлім алған деседі.

Руслан Балтаев, экскурсия жүргізушісі: 

Ишан қаласының ішінде Шерхазыхан медресесі бар. Ол 1720 жылы соғылған медресе. Оның ерекшелігі – Бекет ата. Ол осында 7 жыл оқыған. Оның кейін Қоңыр софы да оқыды. Осындай мықты адамдардың оқығаны бұл – Қазақстанмен ағайыншылығымыз. Бәрі соған келіп тіреледі.

Хиуа түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Бекер емес. Өйткені көне шаһар – тамырлас халықтардың өркениеті өркендеген жерлердің бірі. 

Авторы: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Дереккөз: Хабар 24 


Тегтер: Хиуа, түркіәлемініңмәдениастанасы, Өзбекстан

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.