Жаңалықтар

"Сирия мен Израиль": Қазақстан 430 сарбазын шетелге жібермек

Парламент отырысында осы мәселе талқыланды

Парламент депутаттары Қазақстан Қарулы Күштерінің 430 әскери қызметшіні БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына жіберу туралы ұсынысын қолдады, деп хабарлайды newsroom.kz.

"Күн тәртібінде бір ғана мәселе – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысы жөнінде. Конституциямыздың 53-бабының 5 тармақшасына сәйкес Президенттің ұсынысы бойынша Парламент палаталарының бірлескен отырысында халықаралық міндеттемелерді орындау үшін республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды", - деді Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов. 

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың сөзінше, ұйым басшылығы офицерлердің жауынгерлік машығына жоғары баға берген.

"Ұйымның миссиясында Қазақстан бітімгерінің санын ұлғайтуды қолдауға дайын екенін білдірді. Көптеген офицеріміз бітімгершілік қыметке үлес қосқаны үшін медальмен наградталып, алғыс хатқа ие болды. Бітімгершілік қызметті қолдау, жанжалды реттеу әлемдік қоғамдастық назарында екенін атап өту маңызды. Контингетті миссияға жіберу халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосып, Қазақстанның жаһандық аренадағы рөлін арттыруға ықпал етеді", - деді Қорғаныс министрі.

"БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқау күштері" миссиясына Сирия мен Израильге резервтегі рота ретінде 139 әскери қызметші өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен және мүлкімен жіберіледі.

 БҰҰ-ның мына миссияларына: "БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқау күштеріне" (UNDOF, Сирия – Израиль); "БҰҰ-ның бітімге келу шарттарының орындалуын байқау жөніндегі органына" (UNTSO, Палестина – Израиль); "БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы миссиясына" (UNMISS, Оңтүстік Судан); "БҰҰ-ның Абьейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уақытша күштеріне" (UNISFA, Судан) қатысу үшін Қазақстан Қарулы Күштерінің саны 430 адамға дейінгі бітімгершілік контингентін (резервтегі рота, штаб офицерлері, әскери байқаушылар және мамандандырылған бөлімшелер) жіберу жөнінде ұсыныс енгіземін", - деді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.