Аймақтар

Қызылорда балабақшасында бүлдіршінді бір топ бала жабылып ұрыпты

Ұл баланы өзімен жасты балалар ұрған

Қызылорда қаласындағы балабақшада ұл баланы өзімен жасты бүлдіршіндердің ұрғаны анықталды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл жайлы әлеуметтік желіде сәбидің анасының шағымы жарияланды.

Анасының сөзінше, облыс орталығындағы "Аяла-Жан" балабақшасында тәрбиеленіп жатқан баласының ерні жырылып, жарақат алған. Мекеме камерасынан қараған сәтте ұл балаға бір топ бала жабылғаны көрінген. Жамбасынан теуіп, басы мен бетінен ұрған.

Аталған оқиға жөнінде Қызылорда қалалық білім бөлімі түсініктеме берді.

"Қалалық білім бөлімі аталған балабақшаға зерделеу жұмыстарын жүргізетін болады. Мәлімет қосымша хабарланады", - деп жазылған хабарламада.

Ал Қызылорда қалалық полиция басқармасы бұл мәселеге байланысты тиісті жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті.

"18 қаңтарда әлеуметтік желіде жарияланған "Аяла Жан" балабақшасында болған оқиға жөніндегі жарияланым басқарманың ақпараттарды есепке алу кітабына тіркелді. Ол бойынша құжаттар жинақталып, Қызылорда облысы білім басқармасына тиісті шешім қабылдау үшін жолданады", - деп мәлім етті Қызылорда қалалық полиция басқармасы.