Sportroom

“Су әкеліп, тамақ тасыдық” Велошабандоз “Астана” велокомандасының былығын ашты

Велошабандозды қолбала қылып қойыпты

Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін  жеңімпазы, 1963 жылы спорт шебері атағын алған Қалихан Ахметовтың баласы Ғалым Ахметов Қазақстандағы спорттың олқылықтарын айтты,-деп хабарлайды newsroom.Kz порталы massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Небәрі 18 жасында Азия чемпионы атанған велошабандоз Италиядағы жарыста жеңіске жетпеуінің себебі - жемқорлық болғанын айтты.

"Біздің жетістікке жетпеуімізге тағы бір себеп - жемқорлық. Ол бізге қалай әсер етті дейсіз ғой?! Бір ғана мысал айтайын. Біз 3 айлап Италияда тұратын сәттер болды. Сол елдегі жарыста құжат бойынша біз 2 адам бір бөлмеде тұру керек екенбіз. Ал біз 8 адам бір бөлмеде жаттық. Ол бізге психологиялық тұрғыдан кері әсер етті. Дайындықта, жарыста жүрген кезде тамақ болмады. Ашқұрсақ 5-6 сағаттап дайындалған сәттер болды. Яғни Италияда өткен жарыста ашқұрсақ жүрдік. Біріншіден ұлттық құрама, екіншіден "Astana team" командасы болдық. Бізден неге көбірек жетістікке жетпейсіңдер деп сұрау салады. Ал өздері дұрыс тамақпен қамтамасыз ете алмады", - дейді велошабандоз.

Спортшы Ересектер құрамына Түркиядағы жарыстан жеңіп тұрса да, кіре алмапты. 

"Негізі спортта өте мықты қазақ балалары көп. Мәселен менің марқұм Дінмұхаммед Ұлысбаев деген досым бар еді.  2018 жылы әлем кубогын жеңді. Ол жеңгеннен кейін "Astana pro" командасына алмады. Дәл осы жағдай менің де басымнан өткен. 2017 жылы мен Түркиядағы халықаралық жарысты жеңгеннен кейін мені ересектер құрамасына алуы керек еді. Бірақ ақыры ересектер құрамасына кіре алмадым", - дейді Ғалым Ахметов.  

Бұл олқылықтардан бөлек, велошабандоз жарыстарда “қолбала” болып кеткенін айтты.

"Польшадағы жарыста құраманың лидері болдым. Оны құрамадағы жігіттердің бәрі біледі. Бірақ сонда да "Көмек керек", "Су алып кел" - деп жұмсайтын. Барып кел, шауып кел болып жүретінбіз. Былайша айтқанда қолбала болдық. Велоспортта артық қимыл жасауға болмайды”,-деді спортшы.

Айта кетейік, Ғалым Ахметов 2019 жылы иығы сынуына байланысты спортты тастады.