Әкесі өлтірген бе? Өгей шешесі 7 жасар қыздың өліміне қатысты өз нұсқасын айтты
Алматыда өгей шешесі 7 жасар қыздың өліміне байланысты өз нұсқасын айтты
Алматыда жеті жастағы Каринаны қатігездікпен өлтірді деп айыпталған өгей шешесі бәріне әкесін кіналап отыр, - деп хабарлайды newsroom.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Кешегі сот отырысында күдікті әйел азаматтық некедегі күйеуін айыптаумен болды. Әкесі қызын ұратынын, ішкілікке салынғанын айтты. Каринаны әкесі кезекті рет оңбай сабап, ақыры қыз бала көз жұмды дейді.
"Карина дәретін жіберіп қойып, әкесі оны жуындыруы керек болған. Мен оған "тек ұрма" дедім. Үй жинап жүріп ваннадан бір дыбыс шықты. Барып қарасам, Карина ваннаның ішінде ісініп, қорылдап жатыр. Жуындырып бөлмеге апарып жатқыздым. Мен тек оны талып қалған екен деп ойладым. Өліп қалады деген ой болмапты", - дейді айыпталушы.
Айта кетейік, оқиға былтыр шілдеде болды. Істі тексеру бойынша жеті жастағы қыз өгей шешесінен төрт ай бойы таяқ жеп, ақыр соңында миына қан құйылып көз жұмған. Қыздың өгей шешесі әрі өзін қоғам белсендісі ретінде көрсететін Балжан Тұрлыбекова қамауға алынған еді. Қайтыс болған Каринаның әжесі мен өзге де туыстары қыздың туған әкесін де жауапқа тартуды талап еткен.