Алматыда кофенің ыдысына 36 бума есірткі тығып тасымалдаған күдіктілер ұсталды
Алматыда тәртіп сақшылары есірткі тасымалдаушыларды құрықтады
Алматыда тәртіп сақшылары есірткі тасымалдаушылардың тағы бір қитұрқы әдісін анықтады,- деп хабарлайды Newsroom.kz.
Есірткіні бұрын ағаш, бұталардың түбіне көмсе, енді босаған кофенің ыдысына салатын болған.
Алматылық полицейлер арнайы іс-шара барысында синтетикалық есірткіні көтерме және бөлшектеп сатушыларды қолға түсірді. Олардан мефедрон синтетикалық психотроптық заты бар 36 бума тәркіленді. Тексеру барысында күдіктілердің жалға алған үйінен тағы салмағы 2 келіге жуық ұнтақты зат салынған 745 бума табылған.
Ұсталғандар қылмыстарын мойындап, есірткіні көп мөлшерде Алматы облысының елді мекендерінен алғанын айтқан. Есірткіні кофе стақандарына салып, уағдаласқан орындарға қойып кетіп жүрген. Қазіргі таңда аталған дерек негізінде қылмыстық іс Алмалы аудандық полиция бөлімінде тергелуде.