Абай облысы әкімдігі жаңа жылды қалай қарсы алды?
Абай облысында жаңа жыл қалай өтті?
Жаңа жыл қарсаңында newsroom.kz порталы ведостволарға сұраухат жолдап, әкімдіктердің жаңа жылға жоспарын сұраған еді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында билік органдары мен халық арасындағы «алтын көпір» e-otinish.kz қосымшасы арқылы жолдаған сұраухатымызға Абай облысы әкімдігінің берген жауабын назарларыңызға ұсынамыз.
Абай облысы әкімдігінде жаңа жыл мерекесі қарсаңында, корпоратив болды ма деген сауалымызға, “2023 жылы Абай облысы әкімдігі қызметкерлерінің ұжымы корпоративтік іс-шара ұйымдастырған жоқ”,- деген жауап алдық.
Әкімдік қызметкерлеріне сыйақы берілді ме деген сұрағымызға: «Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ҚР органдары қызметкерлерінің жалақыларына сыйақы беру туралы» ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысына сәйкес қаражатты үнемдеу есебінен қызметкерлерге сыйақылар ұсынылды”,- деп жауап берді.
Сондай-ақ, Абай облысы әкімі Нұрлан Ұранхаев жаңа жылдық демалысын Семей қаласында өткізіпті.
Ал, аз қамтылған отбасылар мен жетім балаларға әкімдік шырша кешін өткізді ме деген сауалымызға: “2023 жылы Абай облысында 200 балаға арналған Президенттік және облыс әкімінің 150 адамға арналған жаңа жылдық шыршасы өтті”,-деген жауап алдық.
Іс-шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта немесе қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды балалар шақырылған екен.
Бұдан бөлек, ерекше білім беруді қажет ететін 100 балаға арналған шырша да ұйымдастырылыпты.
Ал, Семей қаласының басты шыршасын безендіруге бюджеттен қаражат бөлінбепті.