Жаңалықтар

Монтаж кешеуілдеді: Мағауинмен сұхбаттасқан Ая Өміртай мәлімдеме жасады

Ая Өміртай мәлімдеме жасады

17 жылдағы алғашқы сұқбатты Мұхтар Мағауинмен жазған Ая Өміртай мәлімдеме жасады,-деп хабарлайды newsroom.kz.

Сонымен ХАЛЫҚ ҮНІ YouTube арнасында жарық көрген Мұхтар Мағауинмен сұқбатымыз 4 күнде 260 мыңнан астам қаралып жинап, 2 мыңға жуық пікір жазылды.

Сұқбаттың жаңалығы сол, қаламгер шет елде жүрген 17 жылда алғаш рет медиаға ашық сұқбат беріп отыр. Бұған дейін Америкада өзге әріптестерімізге 10-15 минуттық шағын интервью берген еді. 

Мен мектеп бітірген 2009 жылы Мұхтар Мағауин атамыз немерелеріне өзі туған даласын көрсетуге ауылға, Шұбартауға келген еді. ҚазҰУ-дың журфагына тапсырғалы жүргем. Сөз арасында маған екі-ақ нәрсе айтты, "бірінші, дінге әсіре фанат болма, екінші, ешқандай биліктің партиясына кірме" деді. Сол сөзінен танған емеспін. Уақыт оза келе журналист ретінде қаламгердің өзімен бүгінгідей сұқбаттасудың сәті түскеніне ризамын! 

Сұқбат 2023 жылы қараша айында жазылды. Біз барғанда Кемерде тамылжыған жаз болып тұрды. Біз сұқбаттың уақытын келіскенімізбен үйге камерамызды қосып, ескертпей кіріп бардық. Өздеріңіз көргендей, атамыз шешіліп әңгіме айтсам деп қуанып, әжеміз қуырдағы мен шайын баптап қарсы алды. Мерейлі кездесу болды. 

Алайда елге келгенде техникалық себептерге байланысты монтаж жұмыстары бір айдан астам уақытқа кешеуілдеп, созылып кетті. Жаным мұрнымның ұшына келді. Сондықтан жаңа жыл мерекесінен кейін жариялауға тура келді. 

Ал сұқбатта айтылған мәселелер бойынша әлеуметтік желілерде сан түрлі талқылау жүріп жатыр. Иә, талқылануы керек, пікір алуандығы болуы қажет! Мағауин тақырыбы – маған өте қымбат. Сондықтан қызуқандылықпен кей әріптестерімнің көңіліне келетін сөз айтқан болсам, ғафу өтінемін. 

Әрине, Мағауинмен сұқбат оңай деп кім айтты. Толқыдық, дайындалдық, дидарластық, сұқбат құрдық. Менен бұрын Мағауинді сағынған оқырман қауым ерекше қуанды. Тарихи сұқбат деп бағалады. Бірнеше күн қазақ баспасөзінің бас бетіндегі жаңалықтарына айналдық. Orda.kz, Esquire.kz сынды орыстілді интернет ресурстарда да жарық көрді. Кеше қаламгердің бала күнгі досы, бүгінде сексеннен асқан ақсақал, биология ғылымдарының докторы Блок Шайкенов хабарласып, маған «Ая бегім деген сенсің бе» деп алғысын айтты. «Қазақта жөн білетін екі адам бар еді. Әбіш пен Мұхтар. Сол Мағауин әкеңнен сұқбат алғаның өте дұрыс болған. Қатты қуандым» дейді,- деп жазды Ая Өміртай.