Жаңалықтар

Саяси реформаларға шолу: Қандай заңдар қабылданады ?

Бұдан былай 20 мың қол жинап, барлық талаптарды орындаған азамат партия құра алады. Бұрынғы талап бойынша кемі 40 мың қолдаушы болуы керек еді. Бұдан бөлек, жастар мен әйелдердің саяси аренадағы санын арттыру бойынша талаптар да қойылып отыр. Елімізде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңға да өзгеріс енгізілді.  Бұл саяси реформалардың берері қандай? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. 11 жыл. Қазбек Майгельдинов «Саяси партиялар туралы» заңға өзгеріс енгізілмегелі осынша уақыт өтті дейді. Бұдан былай партия құру үшін қатарыңда 40 мың емес, 20 адам болса жеткілікті. Саясаттанушы бұл талап алдағы уақытта әлі де қаралуы керек деген пікірде. ҚАЗБЕК МАЙГЕЛЬДИНОВ, САЯСАТТАНУШЫ «АҚШ, Сингапур, Жапония сияқты елдерде жүз адамнан ғана. Кей елдерде партия қатарындағы адамдар санына қарамайтын елдер бар. Қазіргі таңда саяси партияларға деген заңнамаларды жеңілдету, Қазақстандағы көп партиялы жүйені жеңілдетудің алғашқы қадамдары деп есептеуге болады». Заңдағы тағы бір елең еткізетін жаңалық - партиялық сайлау тізімінде әйелдер мен жастардың үлес салмағы 30 пайыздан кем болмауы керек. «Ақ жолдың» Мәжілістегі өкілі Дания Еспаева осы арқылы қоғамдағы белсенді азаматтардың бастамасы ауызша айтылып қана қоймай, құжатқа айналар еді деген пікірде. ДАНИЯ ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АҚ ЖОЛ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ «Әлеуметтік желілерде, митингтерде жастар мен әйелдерден көптеген пікірлер түсіп жатыр. Қазір міне парламент, мәслихаттарға жастар мен әйелдерді кіргізген уақытта мәселелер тек қана далада шешілмей, парламент пен мәслихат қабырғасында өз шешімін табады деп ойлаймын». Ал, сенаторлар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымының іске асуының бір көрінісі, соңғы саяси реформалардың жасалуында жатыр дейді. Мемлекет басшысы қол қойған тағы бір заң «Митинг» туралы  еді. Құжаттың айналасында түсініспеушіліктер де болды. Себебі, мемлекеттік тілде бір емес, 422 қате жіберілген болатын. Ақыры, жөнделіп, дауысқа салынып қабылданды. НҰРТӨРЕ ЖҮСІП, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ «Заң жобасы қоғамдық талқылаудан өтті. Халықаралық тәжірибелер зерделенді. Соның арқасында 1995 жылы қабылданған заңнан мүлде өзгеше жаңа тұрпатта  осы заманға сай лайықталған заң жазылды. Осыған дейін әлеуметтік-экономикалық реформалар жасалғаны белгілі. Бірақ, саяси реформаларсыз алға жылжу мүмкін еместігін тағы да уақыт көрсетіп отыр.  Сондықтан қазақстандық қоғам серпілістер кезеңінде өмір сүріп жатыр». Президент партияларға және сайлауға қатысты заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек деген еді. Мемлекет басшысының саяси реформаларының өміршеңдігін уақыт көрсетеді. Дереккөз: Еуразия арнасынан