Маңғыстау облысы әкімдігі жаңа жылды қалай қарсы алды?
Маңғыстау облысы әкімдігі жаңа жылда қандай шаралар өткізді?
Жаңа жыл қарсаңында newsroom.kz порталы ведостволарға сұраухат жолдап, әкімдіктердің жаңа жылға жоспарын сұраған еді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында билік органдары мен халық арасындағы «алтын көпір» e-otinish.kz қосымшасы арқылы жолдаған сұраухатымызға Маңғыстау облысы әкімдігінің берген жауабын назарларыңызға ұсынамыз.
Маңғыстау облысы әкімдігінде жаңа жыл мерекесі қарсаңында, корпоратив болды ма деген сауалымызға, "Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына сәйкес жаңа жыл мемлекеттік мереке болуына байланысты Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің ережелерін сақтай отырып, әкімдіктің қызметкерлеріне мерекелік шараларды өткізуге тыйым салынбағандығы қаперіңізге беріледі",-деген мәлімдеме алдық.
Әкімдік қызметкерлеріне сыйақы берілді ме деген сұрағымызға: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1127 және 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулыларына сәйкес, 2023 жылдың 16 желтоқсан – Тəуелсіздік күні және 2024 жылдың 1-2 қаңтар – Жаңа жыл мемлекеттік мерекелеріне байланысты ағымдағы жылы тиісті органдардың аппараттарын ұстауға арналған қаржыландыру жоспарларының үнемделген қаражаты шегінде сыйлықақы берілді,-деген жауап алдық.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Жаңа жылды отбасының жанында қарсы алып, 1 қаңтар күні жұмысқа кірісіпті.
Ал, аз қамтылған отбасылар мен жетім балаларға әкімдік шырша кешін өткізді ме деген сауалымызға көңіл қуантатын жауап алдық.
"Облыста Қазақстан Республикасы Президентінің атынан «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты Жаңа жылдық шыршасы «Grand Nur Plaza» салтанат сарайында облыс әкімі Н. Ноғаевтың қатысуымен ағымдағы жылдың 24 желтоқсан күні өткізілді.
Жаңа жыл шыршасына жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың 250 баласы қатысты.
Жаңа жылдық шырша кешіне келген әрбір балаға Қазақстан Республикасы Президенті атынан құттықтау ашықхат, сондай-ақ, әр балаға 100000 (жүз мың) теңгенің сертификаты, «Балалар әлемі» дүкенінің сертификаты және жаңа жылдық тәтті сыйлықтар табысталды.,"-делінген әкімдік жауабында.
Облыс бойынша аудан, қала әкімдерінің қатысуымен өткен Жаңа жыл шыршасы кешіне1295 бала қатысқан екен.
"Көкшетау қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығындағы «Сиқырлы Балдәурен!» атты Жаңа жылдық карнавалға 12 бала қатысты.
Астана қаласында 2023 жылдың 29 желтоқсаныкүні Президенттің атынан өтетін «Жаңа жыл республика төрінде» тақырыбындағы республикалық шыршаға облыстан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 5 бала қатысты.
Жаңа жыл қарсаңында халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған тобының, аз қамтылған отбасылардың балалары арасында «Тілектер шыршасы» атты акциясы ұйымдастырылып, 5 бала қамтылды",-делінген әкімдік жауабында.
Сонымен қатар, демеушілердің, жеке кәсіпкерлердің қолдауымен 15 717 бала жаңа жылдық сыйлықпен қамтылған көрінеді.
Жаңа жыл шыршасы мерекесімен жалпы саны 18 504 бала қамтылып, жаңа жылдық сыйлықтар мен тәттілер беріліпті.
Сондай-ақ, Ақтауда тұрғындардың өтініші бойынша жаңа жылдық шырша қаланың екі жерінде орнатылыпты. Ұзындығы 15 метрлік былтырғы шыршалар орнатылған көрінеді.
Ақтауда жаңа жылдық безендіруге 31 миллион теңге бөлініпті.