Жаңалықтар

Балабақшалардың ашылу уақыты кейінге қалды

Балабақшалардың ашылу уақыты кейінге қалды

Еліміздегі балабақшалардың ашылу уақыты тағы кейінге қалдырылды. Оған себеп, Оралдағы тәрбиешілерден вирустың табылуы. Елорда әкімі Алтай Көлгінов мектепке дейінгі мекемелерді ашсақ, инфекция жұқтырғандардың саны артып кетуі мүмкін екенін айтады. Сол себепті, осындай шешімге келіпті. Ал, республика бойынша 400 мыңға жуық бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырған жекеменшік балабақшалар толыққанды жұмысқа кіріспесек, банкрот боламыз, - дейді. 15-20 баладан қабылдап, қысқартылған режимде жұмыс істеп отырған бөбекжайлардың жағдайы туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Бұл - 100 бөбекке арналған жекеменшік балабақшаның бірте-бірте тамырына қан жүгіріп келеді. Екі айдан бері қызметі тоқтап тұрған бизнес саласы өткен аптадан бастап ашыла бастапты. Бірақ, қабылданатын балалар саны қысқарған. Мәселен, вирусқа қарсы арнайы алгоритмге сәйкес, бір мекеме 25 балаға дейін ғана тәрбиелей алады екен. МАЙРА БАЙДУБЕКОВА, ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚШАНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: "Жекеменшік балабақшалар мемлекет тапсырмасымен жұмыс істейтіндерге ақша бөлінбейді. Біз, әр балаға 29 мың теңгеден ақша алып отырмыз. Сол ақша бөлінбейді дейді. Менің ойымша көп балабақша жабылатын сияқты. Рұқсат бермесе жұмыс істеуге, ақшасы төленбесе ол балабақша жабылады". Бүгінде бас қалада 230 балабақша мемлекеттен көмек алып, кәсібін дөңгелетіп отыр.  Төтенше жағдай енгізілгелі жұмыссыз отырған кәсіпкерлерге жауаптылар осы айдан бастап, әр балаға берілетін қосымша ақы төленбейтінін мәлімдеген. Ал, шаш етектен шығынға батқан кәсіпкер мұндай шешім, жекеменшік балабақшалардың жабылуына әкеп соғатынын айтады. КҮЛӘНДӘ БАТЫРБЕКОВА, ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚШАНЫҢ БАСШЫСЫ: "Біздің Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысынан да айтты кеше қыздар. Бізде ондай әңгіме әлі жүріп жатқан жоқ. Бірақ, аудандардағы білім бөлімдері ия біз бермейміз деп айтып жатыр екен. Себебін ешкім білмейді". Балаларын кімнің қарамағына қалдырарын білмей дал болған тұрғындар 1 маусымды асыға күткені белгілі. Себебі, жұмысқа шыққысы келген халық сол уақытта барлық балабақшалар есігін ашады деп үміттенген-ді. Бірақ, бүгін эпидемиологиялық жағдаймен бөліскен қала әкімі Алтай Көлгінов мектепке дейінгі орындар барлық балаларды қабылдай алмайтынын жеткізді. АЛТАЙ КӨЛГІНОВ, ҚАЛА ӘКІМІ: "Біз қазір балабақшаларды ашуға асықпаймыз. Мектепке дейінгі мекемелердің толық жұмыс күшіне көшу тәртібін, эпидемиологиялық жағдайға байланысты маусымның соңына қалдыруды жөн санадық. Ал, қалған бөбекжайлар бір топта 15 баладан қабылдай алады. Адам көп жиылатын орындар үлкен қауіп төндіруі мүмкін". Қала әкімінің мұндай шешімге келуіне Оралдағы жағдай түрткі болған секілді. Естеріңізде болса, күні кеше батыс өңірдегі балабақшаның екі қызметкерінен коронавирус инфекциясы анықталған еді. Сәйкесінше, көпшілікке қауіп төндірген соң, жергілікті штаб аймақтағы барлық бөбекжайларды қайта жауып тастады. НҰРЛЫБЕК МҰСТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: "Орал қаласының оперативтік штатының шешімімен барлық қала ішіндегі балабақшалар жабылған болатын. Бұған себеп, осы екі күннің ішінде Орал қаласындағы екі балабақшада қызметкерлерінің арасында осы коронавирус жұқпасы анықталған болатын". Бөбекжайларда құрылған кезекші топтың өзіне баланы орналастырудың өзіндік тәртібі бар.  Сәбиін тәрбиеге бергісі келген ата-аналар еңбек ететін орыннан жұмысқа шыққанынын растайтын анықтама әкелуі тиіс. Әр бөбекжай 25 баланы қабылдауға құқылы. Бірақ, мұндай жағдайда көп балабақша шығынға кететінін ескерсек, алдағы уақытта шағын және орта бизнестің осы саласына қауіп төніп тұрғаны анық. Дереккөз: Еуразия арнасы