Әлем

Жапонияда жер сілкінісінен 78 адам қаза тапты

Жапонияда зілзаладан 78 адам қаза тауып, 51 тұрғын із-түзсіз жоғалып кетті

Бейсенбі таңдағы ақпарат бойынша, Жапонияның Исикава префектурасы мен оған жақын маңда болған бірнеше зілзаладан қаза тапқандар саны 78 адамға жетті, өңір билігі тағы 51 тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткенін мәлім етті,-деп хабарлайды newsroom.kz порталы kazinform-ға сілтеме жасап. 

Жапония премьер-министрі Фумио Кисида бейсенбі жедел әрекет ету штабының отырысында шенеуніктерді жер сілкінісінен кейінгі алғашқы 72 сағат ішінде адамдардың өмірін құтқару және тіршілік етуге қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша күш-жігерді жұмылдыруға шақырды. Бұл кезең құтқарушылар үшін өте маңызды, өйткені кейінірек тірі қалғандарды табу мүмкіндігі айтарлықтай төмендейді.

«Апат басталған сәттен 72 сағат ішінде көбірек адамның өмірін сақтап қалу үшін бар күшімізді салып жұмыс істеуге шақырамын», - деді премьер-министр.

Көптеген тұрғын бұрынғыша жағалаудағы Вадзима қаласындағы үйінді астында болуы мүмкін. Ол жерде 44 адамның өлімі расталды, деп хабарлады Киодо Цусин. Жапония Қорғаныс күштері кемесі Вадзима жағалауына табиғат апатының салдарын жою үшін ауыр техниканы жеткізеді.

Бейсенбі таңдағы жағдай бойынша автершоктар сериясы салдарынан Исикаваның кей аудандарында 95 мыңға жуық отбасы сусыз отыр. Үйінділер мен қираған жолдар іздеу-құтқару жұмыстарына кедергі келтіріп жатыр. Жапонияның жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігі Исикавада 100 га жерді зілзаладан кейінгі цунами шайып кеткенін мәлім етті. Су басқан аумақтың көлемі одан да үлкен болуы мүмкін.

Жапониялық құтқарушылар қираған үйлердің астынан жер сілкінісінен аман қалғандарды іздеп жатыр. Жерасты дүмпулері олардың жұмысына кедергі келтіріп тұр.

Ең күшті 7,6 балдық зілзала дүйсенбі Исикава префектурасының Нота ауданында тіркелді. Жерасты дүмпуі ошағы Вадзимадан солтүстік-шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан. Бұған дейін Жапонияның орталық бөлігінде бірнеше күшті жер сілкінісі тіркелген.

Елдің ұлттық метеорологиялық басқармасының мәліметінше, Исикава және Ниигата префектуралары аймағында магнитудасы 7,4-ке жететін жер сілкінісі болды.

Жапония премьер-министрі Фумио Кишида жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарға баратын негізгі жолдар қатты зақымданғанын, бұл әскерилердің құтқару жұмысына кедергі келтіргенін айтты.

Кеше табиғи апат салдарынан кемінде 55 адам мерт болғаны хабарланған. Исикава, Ниигата, Фукуи, Тояма және Гифу префектураларына қатты зақым келді.