Аймақтар

Жаңа жыл кешін өткізбеген, әкімі демалысқа шықпаған қай облыс?

Жетісу облысы әкімдігі жаңа жылды қалай қарсы алды?

Жаңа жыл қарсаңында newsroom.kz порталы министрліктерге сұраухат жолдап, ведомстволар мен әкімдіктердің жаңа жылға жоспарын сұраған еді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында билік органдары мен халық арасындағы «алтын көпір» e-otinish.kz қосымшасы арқылы жолдаған сұраухатымызға Жетісу облысы әкімдігінің берген жауабын назарларыңызға ұсынамыз.

Жетісу облысы әкімдігінде жаңа жыл мерекесі қарсаңында, корпоратив болды ма деген сауалымызға, “Жаңа жыл мерекесіне орай облыс әкімдігі қызметкерлеріне арналған корпоратив болған жоқ”,-деген жауап алдық.

Әкімдік қызметкерлеріне сыйақы болды ма деген тағы бір сұраққа: Облыс әкімдігі қызметкерлеріне сыйақы берілді,-деп әкімдік баспасөзі қысқа қайырды.

Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаев мерекеден гөрі мемлекеттік қызметті жоғары қойса керек, Жаңа жылдық демалысқа шықпапты.

“Жаңа жылда облыс әкімі Б. Исабаев демалысқа шыққан жоқ”,-делінген әкімдік мәліметінде.

Ал, аз қамтылған отбасылар мен жетім балаларға әкімдік шырша кешін өткізді ме деген сауалымызға көңіл қуантатын жауап алдық.

“Аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан балаларға және ерекше қажеттілігі бар балалар мен жетім балаларға арналған шырша кеші облыс әкімінің қатысумен өткізілді. Оған осы санаттағы 200 бала қатысты. Бұдан бөлек, 10 аудан-қала әкімдері әрқайсысы өз өңірлерінде 200 баладан қамтып, жалпы саны 2000 балаға шырша мерекесін ұйымдастырды”,- делінген әкімдік жауабында.

Сондай-ақ, Жетісу облысында мерекеге орай үш жерге шырша орнатуға 15,4 млн теңге жұмсалыпты.

“2023 жылы Талдықорған қаласы аумағында үш жерге (Салтанат сарайының алаңы, «Қаратал» шағын ауданы, «Жастар» саябағы) шырша орнатуға, яғни шыршаның ескі конструкциясын безендіруге 15,4 млн. теңге жұмсалды.”,- деді Жетісу облысы әкімдігі.