Жаңалықтар

Павлодарда жұмысшылар мінген автобус шахтаға құлап кетті

Павлодар облысында 4 жолаушысы бар автобус құлап кетті

Павлодар облысында жұмысшылар мінген автобус шахтаға құлап кетті, - деп хабарлайды newsroom.kz.

Өңірдегі ТЖД баспасөз қызметі мәліметінше, 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Павлодар облысының Баянауыл ауданында "Майқайыңзолото" АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында тазарту кеңістігіне төрт жолаушысы бар автобус құлаған. Ведомствоның баспасөз қызметі мәліметінше, опырылған жер ұзындығы 150-200 метр, ені 500 метр, тереңдігі 150 метр.

"Оқиға кезінде автобуста КӘА ҚҚРОШ Павлодар филиалының үш құтқарушысы мен жүргізушісі болған. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Жедел штаб құрылып, оқиға орнында Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов, Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жергілікті атқарушы органдар жүр. Психологтар жұмыс істеп жатқаны айтылды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына "Майқайыңзолото" АҚ кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының, Жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ ТЖ департаменті құтқарушыларының күштері мен құралдары жұмылдырылған. Барлығы 44 адам, 13 техника және бір ҰҰА (дрон) жұмылдырылды.