Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
1 қаңтар, 2024 / Рысжан Амантай / Елорда

Тоқаев жаңа жылдық құттықтауында не айтты?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды жаңа жылмен құттықтады

Тоқаев жаңа жылдық құттықтауында не айтты?
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа 2024 жылмен қазақстандықтарды құттықтады,-деп хабарлайды newsroom.kz.

                       Қадірлі отандастар!
Бәріміз бір ел болып Жаңа жылды қарсы алып отырмыз. Баршамыз ескі жылды ой елегінен өткіземіз, алдағы жылға жоспар жасап, жаңа мақсат қоямыз. Біз осы сәтте бір-бірімізге ақ тілегімізді арнаймыз, сый-құрмет көрсетеміз. Қасиетті Отанымыздың берекелі бірлігі жұртымыздың осындай тату тірлігінен басталады.

2023 жыл Қазақстан үшін табысы мен тауқыметі қатар келген жыл болды. Өмірде қуаныш пен қиындықтың алма-кезек болуы – заңдылық. Бірақ біз еңсемізді тік ұстап, келешекке әрдайым сеніммен қараймыз.

Биыл жұртымыз Жаңа жылды көптен күткен жағымды жаңалықпен қарсы алуда. Жақында халқымыздың саны 20 миллионға жетті. Еліміз үшін бұл ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Халық санының өсуі – мықты мемлекет болудың және өркендеудің кепілі. Ал бақытты отбасы – бақуатты елдің арқауы.

Қазақстан стратегиялық бағдары айқын ел ретінде тұрақты дамып келе жатыр. Біз ынтымақ-бірліктің және қажырлы еңбектің арқасында ауқымды іс-шаралар атқардық. Жаңару мен жаңғыру жолындағы маңызды реформаларды жүзеге асырдық. Осылайша, мемлекеттігіміздің тұғырын бекемдей түстік. Заң мен Тәртіп үстемдігін орнатуды мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары деп жарияладық. Осы бағытта нақты шараларды қабылдауға кірістік. Білім беру және денсаулық сақтау саласында ауқымды жобаларды қолға алдық. Әділдікке негізделген жаңа экономикалық үлгіге көше бастадық. Яғни, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін аса маңызды қадам жасадық. Шетелден миллиардтаған доллар инвестиция тарттық. Соның арқасында елімізге аса қажет өндірістер ашылды. Жұмыс орындары пайда болды. Ел экономикасының басты қозғаушы күші ретінде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсететін болдық.

Заңсыз алынған экономикалық активтерді елге қайтару жұмысы жалғасуда. Мемлекетке қайтарылған қаржы көп ұзамай халықтың игілігіне жұмсалатын болды, яғни мектептер салына бастады. Жылдар бойы игерілмей келген миллиондаған гектар жер адал шаруаларға берілетін болды.

Жұмысшылардың, инженерлердің және шаруалардың еселі еңбегі, әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қастерлі Отанымызға қалтқысыз қызметі, кәсіпкерлердің табысты жобалары, мәдениет қайраткерлерінің шығармашылығы және ғалымдардың елге пайдалы зерттеулері арқылы ұлтымыздың жасампаздық әлеуеті арта түсті.

Өз кәсібін мінсіз атқарып жүрген мұғалімдер, медицина қызметкерлері және басқа да еңбек адамдары – бүгінгі күннің нағыз батырлары. Волонтерлер, меценаттар, құтқарушылар және өзге де жанашыр азаматтар игі істер жасап, жанкешті ерлік көрсетіп, тілектестік пен қамқорлықтың озық үлгісін танытты. Біз жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, еңбекқорлық пен білімпаздықты дәріптеу және креативті экономиканы дамыту үшін көптеген маңызды жұмысты қолға алдық.

Елімізде кәсіби спортпен қатар, бұқаралық спорт қарқынды дамуда. Әсіресе, балалар дене шынықтырумен белсенді айналысатын болды. Сол себепті мемлекет ауылдық және қалалық жерлерде жаңа спорт нысандарын салып жатыр.

Қазақстан ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келетін салиқалы сыртқы саясат жүргізіп, халықаралық аренадағы беделін арттыра түсті. Бір сөзбен айтқанда, осы жыл біздің еліміз үшін мол табысқа, жарқын сәттерге және маңызды оқиғаларға толы болды. Жалпы, экономикамыз 4,9 пайызға өсті. Тұтас жұрт болып көптеген өзекті мәселені шеше бастадық. Осылайша, еліміздің дамуына тың серпін бердік. Ең бастысы, біз жалпыға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Жүргізілген реформалар өз жемісін бере бастады. Бұл – бәрімізге ортақ іс. Сондықтан мен осы маңызды жұмысқа атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын.

Жаңа жыл – әрдайым жаңа міндеттер жүктелетін, жаңа сын-қатерлерді еңсеретін кезең. Біз келесі жылы ұлттың қайта өрлеуінің куәсі боламыз. Мен бұған кәміл сенемін. Алайда бәсекеге қабілетті әрі дамыған ел болу үшін әлі де көп тер төгуіміз қажет.

Жаңа жылда мемлекеттігімізді нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы жүйелі реформалар жалғасын табады. Біз заң мен тәртіптің үстемдігін орнықтыру үшін кешенді шаралар қабылдаймыз. Мемлекет тарапынан өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, энергетика және экономиканың басқа да салаларын өркендетуді көздейтін тың бастамалар қолға алынады. Біз әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж жандарға әрдайым қамқор боламыз. Мұғалім, дәрігер, құтқарушы, әскери қызметші, тәртіп сақшысы және басқа да кәсіп иелеріне қолдау көрсетеміз.

Біз жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын маңызды шешімдер қабылдап жатырмыз. Жақында Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі балалардың есепшотына түсе бастайды. Еліміздің жастары болашаққа нық сеніммен қарауы керек.

Келесі жылы ұлтымыздың тарихына байланысты бірқатар іс-шара өткізіледі. Халқымыздың тұлғаларын есте сақтап, олардың еңбегін дәріптеу – ұрпақ парызы. Сондай-ақ алдағы жылы елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Спортшыларымыз Жазғы олимпиадаға қатысады. Түптеп келгенде, әр азамат өз саласының нағыз маманы болуы керек. Сонда ғана Отанымыз өсіп-өркендейді.

Біз әрбір таңға үміт артамыз, әрбір жылдан жақсылық күтеміз. Ал үміттің ақталуы, арман-мақсаттың орындалуы өзімізге байланысты. Ең бастысы, еліміздегі татулықты, тыныштық пен тұрақтылықты бағалайық. Бірлігі мықты елдің рухы биік болады. Ұлы Абай айтқандай, бірлік дегеніміз – ең алдымен, ақылға – бірлік. Мемлекеттігімізді сақтау үшін ауызбіршілігімізді сақтайық. Қастерлі Отанымызды көркейтеміз десек, табанды еңбек етейік.

Дамыған мемлекет болу үшін озық білімге ұмтылып, жаңа технологияны, соның ішінде жасанды интеллектіні игеруіміз қажет. Әрдайым бір-бірімізге қамқор болайық. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетейік. Балаларымыздың тәрбиесіне баса мән берейік. Үлгі-өнеге болып, ұлағатты ұрпақ өсірейік.

Тәуелсіздік ұрпақтары жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өсіп келеді. Олар өнерде, спортта, ғылымда және бизнесте зор табысқа жетуде. Біз жастарымыздың осындай мықты, адал азамат болғанын мақтан тұтамыз. Қазақстанның болашағы – отаншыл, білімді, еңбекқор азаматтардың, яғни жастардың қолында. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін!

Біз – бәріміз тек болашаққа, тек алға ұмтылатын мемлекет болуымыз керек. Біз бір ел болып біріксек, кез келген белесті бағындырамыз. Ең бастысы, еліміз тыныш, іргеміз бүтін болсын!

Жаңа жылға дейін санаулы секундтар қалды. Табалдырықтан аттағалы тұрған жыл бәріміз үшін жетістіктерге толы болсын!

Сонымен қатар бүгін Жаңа жылдың қарсаңында жұмыс істеп жатқан адамдарға арнайы құттықтауымды жолдаймын. Сіздер елімізге адал қызмет етіп жүрсіздер. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Жаңа жыл әр шаңыраққа, әр азаматқа қуаныш пен шаттық әкелсін!

Үлкендеріміз аман болсын!

Балалардың арманы орындалсын!

Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Төрт құбыламыз түгел болсын!

Көк туымыз мәңгі желбіресін!

Әнұранымыз шырқала берсін!  

Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!,-деп құттықтады Қасым-Жомарт Тоқаев.