Жаңалықтар

Ұшағы кешіккен депутат әуежайларға киіз үй тігуді ұсынды

Мәжіліс депутаты әуежайда жайлы орын болуын ұсынды

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты рейсі кешіккен Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай әуежайларда жайлы демалатын орын болуы керек деп насихат айтты,-деп хабарлайды newsroom.kz.

"Астананың бораны сапарды тежеп тұр. Ұшақ күтіп іш пысты. Қазіргі сәтті баяндайын.   

Астананың әуежайында тұрған киіз үйде аяқ созып демалуға болатын ба еді, әлде экспонат үшін жасалған ба? Анығын білмедім. Ұшақтың тағы 7 сағатқа кешігетінін естіген соң, ешкімнен рұқсат сұрамастан, аяқ киімді шештім де  жата кеттім. Мені көріп басқалар да отыра бастады. Ұйықтап кеткен екенмін, оянсам, бірі ұйықтап, енді бірі әшейін бел жазып айналамда жеті-сегіз адам жатыр.
 

Негізі, тар, темір орындықта бүктеліп, бүрісіп жатқаннан гөрі, мынау жанның рахаты екен. Әсіресе, үлкен кісілерге жақсы. Қарап отырсаңыз, көп орын да алмайды. Басқа да жерлерге макетін ғана қоя бермей, халықтың қажетіне жаратып қойса қандай керемет! Бір жағынан НАСИХАТ. Жай, өз ойым…

Сұлтанның Қожаға айтатынындай «төреше жатып демалатын» жер жасап тастау қатты қиын да, қымбат та емес екен. Жолынан кешігіп жүйкесі жұқарған жолаушыға бұл да бір жұбаныш болады екен,-деп жазды Мақсат Толықбай.