Қазақ студенттер Еуропаның 12 университетіне тегін оқуға мүмкіндік алыпты
Абай университетінің студенттері Еуропаның 12 ЖОО-да тегін оқуға мүмкіндік алды
Шет елде оқуға ниет білдірушілер саны жыл сайын артып келеді,-деп хабарлайды newsroom.kz.
Қазір университеттер арасында студенттерді әлемнің ең үздік оқу орындарына жіберіп, тәжірибе алмасу жағы актуалды болып тұр.
Сапалы білім аламын, білікті мамандар қатарын толықтырамын дейтін талабы таудай жастарға Абай университетінде барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Мәселен, мұндағы студенттер ынтымақтастық және келісім жобаларымен Еуропаның жоғары оқу орындарында мәдени және ғылыми тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады. Оқу орны биыл да академиялық ұтқырлық бойынша жоғары білімінің сапасын көтеріп, тынысын кеңейтуге жағдай жасады.
Жақында ғана ERASMUS+ Халықаралық академиялық ұтқырлық (International Credit Mobility (ICM) бағдарламасымен Еуропаның 12 университетінен грант ұтып алды.
Енді студенттердің шетелде тегін білім алу мүмкіндігінің қолжетімділігі арта түсті. Мұншалықты үлкен келісім-шарт бұрын-соңды оқу орны тарихында болмаған.
ERASMUS+ – білім беруді, кәсіптік оқытуды, жастар саясаты және спортты тұрақты дамытумен қатар жаңғыртуға жәрдемдесуге бағытталған Еуропалық Одақтың бастамасымен және үдемелі қаржыландыруымен құрылған халықаралық бағдарлама. Абай университеті жыл сайын аталған жобамен келісім-шарт жасасып, ұсыныстар әзірлейді.
Халықаралық академиялық ұтқырлық жобасының конкурс нәтижелері бойынша университет студенттері енді Гранада университеті (Испания), Лилль университеті (Франция), Пуатье университеті (Франция), Палацки университеті (Чехия) сияқты Еуропаның жетекші 12 университеттерінде білім алатын болады. Олардың арасына халықаралық QS рейтингінде 134-орын алған Италиядағы Сапиенца университеті кіреді.